Сиқырлы қысқы ертегі: Қарағандыда Католиктердің Рождествосы аталып өтті

9 Желтоқсан 2019, 17:35 2398

Қарағандыдағы Достық үйінде «Видергебурт» неміс орталығы Нұр-сұлтан қаласындағы Германия Елшілігінің қолдауымен рождестволық мерекелік шара ұйымдастырды.


Концерт бағдарламасына сәйкес дәстүрлі және заманауи мерекелік әуендер, «Аллегро» вокалдық ұжымының, сеньорен клубының қатысушылары мен балалардың орындауында әндер орындалып, «Снежная королева» театр қойылымы ұсынылды. Концерт қонақтары қысқы ертегінің қызығына бөленіп, Рождество мерекесінің жақындап қалғанын сезінгендей болды.


«Видергебурт» этномәдени орталығы Рождестволық концерттерді өткізіп тұруды бұрыннан дәстүрге айналдырған. Рождество - үлкендер де, балалар да асыға күтетін ең сиқырлы және сүйікті мереке. Іс-шараға қатысушылар рождестволық дәстүрлер туралы да танымдарын тереңдете түсті.

Шара қонақтарына Қазақстандағы Германия Елшілігінің саясат бөлімі басшысының орынбасары Якоб Локау құттықтау лебізін білдірді. Ол немістердің көп бөлігі Қарағанды өңірінде тұратынын және Рождество мерекесі жыл сайын атап өтетіндігіне өте қуанышты екенін жеткізді. «Шаттыққа, қуанышқа, бақытқа толы бұл мереке біздерге амандық-саулық, үлкен үміт сыйлап, болашағымызға деген сенімімізді арттырады. Мереке біздің бірігуімізге, барлығымыз бас қосып игі істерді жүзеге асыруға негіз қалайды», - деді өз құттықтауында Локау мырза.


Мерекеге жиналған барша қауымды облыстық Ассамблея атынан төрағаның орынбасары, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының жетекшісі Уваис Джанаев пен «Видергебурт» орталығының төрағасы Эдуард Кист құттықтады.

«Біз бүгін ең жарқын мерекені атаудамыз. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық пен жақсылық, татулық пен шаттық тілеймін. Біздің көпұлтты елімізде этностардың ұлттық мерекелерін атап өтуге, салт-дәстүрлерді сақтауға барлық мүмкіндіктер жасалған. Биыл біз орталықтың құрылғанына 30 жыл толуына орай біршама шара өткіздік. Бүгінгі таңда біздің филиалдар Қарағанды облысының барлық аудандарында ашылған. Баршаңызды Рождество мерекесімен құттықтаймын», - деді Виктор Эдуардович.

Бөлісу: