Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин елдің Қарулы күштеріндегі жоғары лауазымды офицерлерге қатысты кезекті қатаң шара қабылдап, тоғыз беделді әскери қызметкерді қызметінен босатты. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы Қытай Қорғаныс министрлігінің өкіліне сілтеме жасап хабарлады.
Басылым дерегінше, отставкаға жіберілгендердің қатарында Қытай армиясының ең ықпалды тұлғаларының бірі — генерал Хэ Вэйдун бар. Ол “қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және тәртіптік ережелерді өрескел бұзу” деректері бойынша орнынан алынған.
Мақалада айтылғандай, бұл шешім Си Цзиньпиннің Қытай Халық-азаттық армиясындағы жемқорлыққа қарсы күресін күшейту саясатының жалғасы болып отыр. Ел басшысы соңғы жылдары әскердің ішкі тәртібі мен сенімділігін нығайтуды мемлекеттік басым бағыттардың бірі ретінде белгілеген.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі де Қытайда ауқымды кадрлық тазарту жүріп жатқанын жазған болатын. Агенттіктің мәліметінше, тамыз айының соңына қарай Си Цзиньпин өзі тағайындаған генералдардың шамамен бестен бір бөлігін қызметінен босатқан. Бұл көрсеткіш ел тарихында Мао Цзэдун дәуірінен кейінгі ең ірі кадрлық өзгеріс ретінде бағалануда.