ШЫҰ кеңістігі жаһандық сауданы дамытуға арналған белдеуге айнала алады – Тоқаев

4 Шілде, 17:50 729

Мемлекет басшысы Азияның экономикалық тұрғыдан өркендеуіне көбіне ШЫҰ-ға мүше елдердің ықпалы зор екенін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сондай-ақ Қазақстан тарапы Қытайдың ішкі ауқымды нарығына ШЫҰ елдерінің қолжетімділігін арттыру және Ұйымға мүше елдермен тауар айналымын 3 триллион долларға дейін жеткізу ниетін құптады.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық әлеуеті орасан зор. Біз оны толыққанды пайдалануымыз қажет. Бүгін ШЫҰ экономикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын қабылдадық. Аталған құжат осы басты мақсатқа сай келеді. ШЫҰ-ның ЕАЭО, БРИКС және АСЕАН секілді интеграциялық бірлестіктермен өзара ықпалдастығы кең мүмкіндіктерге жол ашады. Көлік жолдарының өзара байланысын одан әрі нығайту әлемдік сауданың тұрақты өсіміне зор ықпал етеді. ШЫҰ-ға мүше елдердің аумағы арқылы 350 мың шақырымнан астам теміржол өтеді. Әлемдегі жүк тасымалының үштен екі бөлігі осы жолдарға тиесілі. Сондықтан ШЫҰ кеңістігі жаһандық сауданы дамытуға арналған Үлкен Еуразиялық белдеуге айнала алады, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Еуразиялық көлік жүйесінің ең маңызды бөліктерінің бірі саналады. Сондай-ақ еліміздің «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий көлік бағытын және «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін өзара ұштастыру, стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру ісіндегі бастамалары туралы мәлімдеді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: