05.05.2025
06:25
1241
Шымкенттің дамуы: инфрақұрылым, қауіпсіздік және қоғамдық өмір

Шымкенттің дамуы: инфрақұрылым, қауіпсіздік және қоғамдық өмір

Шымкенттің Еңбекші ауданында әлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылымды жетілдіру, тұрғындардың өмір сапасын арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіле бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Аудан аумағында 728 көше мен өткел бар. Биыл 367 көшені жарықтандыру жоспарланған, бүгінде соның 201-і жарықтандырылды. Оның ішінде 12 көше жеке кәсіпкерлер есебінен қамтылса, 153 көшеде жұмыстар толық аяқталған. 

Абаттандыру жұмыстары аясында 283 көпқабатты үй 132 аулаға біріктіріліп, 35 ойын және спорт алаңы салу көзделген. Қазіргі таңда 15 алаңда құрылыс жүріп жатыр, 20-сы келісімшарт сатысында. Сонымен қатар, 15 шақырым жаяу жүргіншілер жолының 2,5 шақырымына жиектастар орнатылып, асфальт төсеуге дайындалды.

Көгалдандыру бойынша «Группа Интеко» ЖШС мен «Еңбекші» КММ тарапынан 645 көше мен 132 аулада шөп ору, гүл егу, суғару жұмыстары тұрақты атқарылуда. Ауданның 723,35 шақырым жолының 73%-ы асфальтталған. Биыл 72 көшеде (34,3 шақырым) орташа жөндеу жүргізіледі. Бүгінде 23 көшеде дайындық жұмыстары басталды.

Санитарлық тазалық бағытында көпқабатты 50 аулаға 239 контейнер орнатылып, қалдықтар үш мекеме арқылы шығарылады. Аудан аумағындағы тарихи нысандар да үнемі бақылауда. Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» акциясы мен жалпықалалық сенбіліктер аясында көктемгі тазалық жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Мерекелік іс-шаралар да назардан тыс қалмайды. 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай «Жеңіс» саябағында Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахимовтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, тағылымды шара ұйымдастырылған.