Шымкенттік тұрғын 18 жерге есірткі қойған адамды ұстап, полицияға хабарласқан

2 Тамыз 2023, 10:30 1047

Бір күнде 18 орынға есірткі қойып кеткен шымкенттік тұрғын ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Полицияның хабарлауынша, Еңбекші АПБ-ның “102” арнасына жергілікті тұрғын есірткі қойып жүрген жас жігітті оқиға орнында ұстап алғанын айтып хабарласқан. Шақырту бойынша жедел тергеу тобының қызметкерлері дереу оқиға болған аумаққа барған.

Күдіктінің жеке басын тінту барысында смартфонынан Telegram чат арқылы белгісіз тұлғамен хат алмасып, оның нұсқауларын бұлжытпай орындағаны анықталды. Кейін тәртіп сақшылары оның есірткі қойып кеткен жерлерін жеке-жеке тінтіп, жасырылған ұнтақтарды айғақ зат ретінде тәркіледі.

Нәтижесінде құқық бұзушы бір күнде 18 орынға полиэтиленді пакетке салынған есірткіге ұқсас заттарды тығып үлгергені белгілі болды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың синтетикалық есірткі екені расталды, - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай жас жігіт 3 айдан бері “курьер” болып жұмыс істейді. Ол, күніне орта есеппен 20-25 орамды таратумен айналысады. Қазіргі таңда күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Равиль Ашығали
Бөлісу: