Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің жанынан алпыс жылға жуық уақыттан бері бірегей студенттік құрылым – ОҚМПУ археологиялық жасағы жұмыс істеп келеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Тарих факультетінің студенттері жыл сайын жасақ құрамында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізудің практикалық тәжірибелерін меңгеріп, жер қабатының мәдени бөліктерін зерделеуге қатысады. Жасақ Арыс өзені аңғарындағы Қарауылтөбе, Төрткүлтөбенің ертедегі отырықшы қоныстарында, Шымкент, Отырар төбе қалашықтарында, Біркөлік қонысында алғашқы қазба жұмыстарын жүргізіп, көне дәуір мәдениетінің ғасырлар бойғы сырын ашты.
Белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Николаевич Подушкиннің жетекшілігіндегі археологиялық жасақ біздің заманымыздың I-IV ғасырларға тиесілі Күлтөбе қалашығының орнын ашқан. Қазір Күлтөбе осыдан екі мың жыл бұрынғы Қаңлы дәуіріндегі ежелгі жазба мәдениетінің бірегей ескерткіші санатында тарихымызға енді.
Ескі қалашық орнынан арамей әліпбиімен жазылған ежелгі иран тілінде орындалған 33 жазба ескерткіштерінің фрагменттері шыққан. Оның ішінде 4 күйдірілген лай тақтайшалардағы жазба тұтас фрагмент ретінде бүгінге дейін жеткен. Ең үлкен тақтайшадағы жазбалар 7 қатарда 140 таңба ретінде бедерленген. Қалған тақтайшалардағы жазбалардың таңбалар саны 56-дан 65-ке дейінгі белгілер санын құрайды. Тарихи мәні бар жазбаның мазмұнын ашуға Кембридж және Лондон университеттерінің профессоры, академик, әлемге әйгілі палеолингвист Николас Симс-Уильямс жәрдемші болған.
Университеттің ғалымдары мен өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан студенттер жуырда Қаңлы мемлекеті дәуіріне тиесілі екі қорым орындарын тапты. Бір-бірінен екі шақырымдай қашықтықта орналасқан ежелгі қорым орындары өзара қатты ұқсас. Екеуінің де тереңдіктері 5 метрден асады. Мұндай тереңдіктегі қорымдар бұрын-соңды бұл аймақта кездеспеген. Жер қатпарымен танысқан археологтар қорымның пішінін, жерлеу камераларының орналасуын, сүйекті қоюдағы дәстүрлік культті, сүйектердің түр-сипатындағы жас ерекшеліктерін ескере отырып, жәдігерлердің ең кемі 2 мың жыл бұрын пайда болған отбасылық қорымдар болғаны жөнінде болжамын айтуда.
Бірінші қорымнан ер азаматтың, әйелдің және жас өскіннің сүйегі, түрлі пішіндегі ыдыс-аяқтар, құмыра, нобайы сопақша келген қыш ыдыс табылған. Ер азаматқа тиесілі сүйектің толық күлден төселген қабатқа қойылғанынан, ол дәуірдің тұрғындары от культін ұстанғанын аңғарамыз. Әйелге тиесілі сүйекте күміс жүзік пен алтын сырға болған. Ғалымдар білдірген пікір бойынша Қаңлы дәуіріне тиісті жерлеу орындарынан зергерлік бұйымдардың кездесуі некен-саяқ. Сол себепті табылған қорым үлкен тарихи және мәдени мәнге ие дейді ғалымдар.
Екінші қорымда әркелкі жас шамасындағы 8 адамның сүйегі қойылған. Жерлеу орнынан түр-пішіні әркелкі 8 құмыра табылған. Оның ішінде ауыз жағы ұзын сопақша келетін сұйықтық сақтауға арналған керамикалық құмыра бірегей жәдігер ретінде бағаланып отыр. Қорымда әйелдерге арналған бірегей әшекей бұйымдары да болған. Күміс жүзік, 400-ден астам түрлі-түсті шыны элементтері мен аң сүйектерінен, қола элементтерінен тізбектелген алқа, сүрме, қайрақ, жебе ұштары, теріден жасалған белбеу, асық сүйектер сынды бұйымдар бұрыңғы өткен дәуірлердің мәдени тынысынан тың ақпарат береді.
Ғалымдар жәдігерлік бұйымдарда қазақ халқының этногенезі сақталған деген пікірін білдіріп отыр. Табылған құмыралардағы таңбалық белгілер қазақ руларының таңбаларымен ұқсас екеніне назар аударылып отыр.