Шымкенттік дәрігер жүрегі тоқтап қалған сәбиді аман алып қалды

16 Наурыз 2023, 10:30 1463

Шымкенттік дәрігер Асхат Қойшыбекұлы Жақыбаев Асфексияның салдарынан жүрек жұмысы тоқтап, клиникалық өлім жағдайындағы сәбиді аман алып қалған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
 
Оқиға Шымкент қаласындағы N2 ауруханасында болған. Нәрестесін қолына алып жүгірген жас ана жансақтау бөлімшесінің есігін жұлқылап ашып, баласын аман алып қалуды өтінген.
 
Осындай жағдайда Асхат Қойшыбекұлы біліктілік танытып, кішкентай сәбидің өмірін аман алып қалуға кіріскен.
 
Анасының айтуынша, нәрестесі еміп жатқан сәтте сүтке тұншығып қалған. Сүт баланың өкпесіне түсіп, жүрек соғысы нашарлап, клиникалық өлім жағдайы тіркелген. Жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог дәрігер Асхат Қойшыбекұлы тез арада ауыз қуысын санациялаудан бастап, нәрестенің жүрегіне саусақтарымен массаж жасаған. Өкпесін интубациялық түтікше арқылы жасанды тыныс алу апаратына қосқан. Осылайша 5-6 минуттың ішінде жүрек және тыныс алу мүшелерінің жұмыстарын қалпына келтірген.
 
Асхат Қойшыбекұлы 18 жылдан бері денсаулық сақтау саласында, жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог дәрігері ретінде қызмет етіп келеді.

Ол осы атқарылған жұмыстардың басында өз ісінің озық маманы екенін дәлелдеп, анестезиолог-реаниматолог дәрігер ретінде жағдайы өте ауыр науқастарға дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетіп, мыңдаған жанның өмірін аман алып қалды.

Асхат Жақыбаев қазіргі уақытта жоғары дәрежелі анестезиолог-реаниматолог маман ретінде жансыздандырудың барлық түрлерін озық меңгерген, медициналық манипуляциялардың кез келген түрін жасайтын үздік маман ретінде танылды.

Жауапкершілігі жоғары білікті маман бастамашылдығымен де ерекшеленеді. Қоғамдық жұмысқа да белсенді қатысады.

EL.KZ
Бөлісу: