24.11.2025
15:32
5207
Шымкенттік бойжеткен Стенфорд докторантурасына түскен алғашқы қазақ атанды

Шымкенттік бойжеткен Стенфорд докторантурасына түскен алғашқы қазақ атанды

Әсел Ибадулла Шымкентте кран жүргізушісі мен мектеп мұғалімінің отбасында дүниеге келген. 8-сыныпта ол Назарбаев зияткерлік мектебіне грантпен оқуға түсіп, 9-сыныптан кейін арнайы бағдарлама арқылы екі аптаға Бостонға барады. Сол сапарда алғаш рет Гарвард пен басқа да беделді университеттерді көріп, шетелде оқысам дген арманы пайда болады. Алайда ата-анасы 16 жастағы қыздарын жалғыз жібергісі келмей, Әсел Назарбаев Университетіне «Биологиялық ғылымдар» мамандығына түседі. Бакалавриатты қызыл дипломмен аяқтағаннан кейін, АҚШ-тың алты университетіне магистратураға қабылданады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

26 жастағы Әсел Ибадулла – Стэнфорд университетінің докторантурасына Knight-Hennessy Scholars бағдарламасы бойынша грант жеңіп алған алғашқы қазақ қызы. Бұған дейін ол Йель университетінің магистратурасын тәмамдаған. Әлемдік академиялық элитаға апарар жолда Әсел оқуы мен ана ретінде жауапкершілігін қатар алып жүрген. Ал оған бұл жолда ең үлкен қолдау көрсеткен – жұбайы Ердәулет.

Әсел – биыл Стэнфордтың аспирантурасына қабылданған Қазақстанның алғашқы өкілі және ТМД елдерінен жалғыз қатысушы. Knight-Hennessy Scholars стипендиясы оқу мен зерттеуге толық қаржылай қолдау көрсетеді. Оның құны – шамамен 350 миллион теңге.

Бағдарламаға іріктеу өте қатаң. 8 570 үміткердің ішінен небәрі 84 адам ғана өткен – бұл 1%-дан да аз. Стипендиаттардың арасында NASA зерттеушілері мен инновациялық стартаптардың негізін қалаушылар бар. Ал Әсел түскен бағдарламаға әлем бойынша мыңдаған үміткердің ішінен тек екі адам қабылданған.

Мен қарапайым отбасында өстім. Анам үнемі: «Білім – сенің әлеуметтік жеделсатың» деп айтатын. Сол сөзді бала кезден жадымда сақтадым. Мені алға жетелеген – арман, жақсы адамдардың қолдауы және шетелдік университеттерге қабылданған студенттердің оқиғалары. Қазір мен блог жүргізіп, басқаларға көмектесу үшін шетелге оқуға қалай түсуге болатыны туралы тәжірибемді бөлісіп жүрмін, – дейді Әсел.

Жас ана әрі студент

Осыдан бір жылдай бұрын Әсел Стэнфордқа құжат тапсырсам ба, жоқ па деп ойланып жүрген.

Қолымда екі жасар балам болды, туғандарымнан жырақ тұрдым, үшінші тілде сөйлеп жүрдім, ал өзім қарапайым жұмысшы мен мұғалімнің қызымын. Маған ешкім сенбейтіндей көрінді, – дейді ол.

Әселдің Стэнфордқа апарар жолы Назарбаев Университетінен басталды. Сол жерде ол бакалавриатты тәмамдап қана қоймай, Mind Matters атты адамның психологиялық жағдайын анықтауға арналған цифрлық көмекші стартапын іске қосты. Жоба халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, Қытайдың жетекші университеттерінің біріндегі конференцияда үздік деп танылды.

Бакалавриаттан кейін Әсел әлемнің бірнеше жетекші университетінен ұсыныс алады. Солардың арасынан ол Йельді таңдап, 90 мың доллар көлеміндегі грантты жеңіп алады.

«Оқудың алғашқы күндері жүкті екенімізді білдік»

АҚШ-қа Әсел күйеуі Ердәулет Тастанбековпен бірге барады. Ол да Назарбаев Университетінің түлегі. Оқудың басында Әсел жүкті екенін біледі.

Тұрғын үй қымбат, стипендия оқу ақысын ғана жапты. Қаражат жетіспейтін. Жүктіліктің алғашқы триместрінде үйге сирек келетінмін. Күндіз-түні әртүрлі жұмыс істеп, тұрмыстық шығындарды жаптым, – дейді Ердәулет.

2022 жылдың сәуірінде Йель университетінің ауруханасында қызы Адель дүниеге келеді. Жас отбасы бала тәрбиесін, оқуды және жұмысты қатар алып жүруге мәжбүр болды. Кейін Ердәулет Бостон университетіне «қала жоспарлау» мамандығы бойынша магистратураға түсті.

Америкалық арман

Оқу, стартап, ғылыми жобалар мен Стэнфордқа түсу Әселге Forbes-тің «30 жасқа дейінгі 30 үздік» тізіміне енуге мүмкіндік берді. Knight-Hennessy Scholars бағдарламасының тарихында алғаш рет қазақстандық азамат жеңімпаз атанды. Ал Назарбаев Университеті – бұл стипендияны алған бітірушісі бар Орталық Азиядағы алғашқы оқу орны.