Шымкенттік балалар жыл бойына жүзуді тегін үйренуі мүмкін

8 Қыркүйек, 10:21 414

Шымкентте жазғы шомылу маусымы аяқталғанымен қалада судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау шаралары жалғаса бермек. Төтеншеліктер қыркүйек айының соңына дейін рейдтік жұмыстарды жүргізеді. Бұдан өзге биыл 1 маусымнан 31 тамызға дейінгі аралықта көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан 1600-ден астам бала суда жүзуді тегін үйренген. Бұл жұмыстарды жыл он екі жалғастыру көзделіп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзов судағы қауіпсіздік шаралары бойынша рейдтік жұмыстардың жалғасуын күн райының жылылығымен байланыстырып отыр. Оның айтуынша, қалада судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша тиісті шаралар сәуір айынан басталған. Бұл тұрғыда қала әкімінің қаулысымен жоспар әзірленіп бекітілген. Аталған қаулы негізінде жазғы шомылу маусымы кезіндегі сақтық шараларын сақтауға бағытталған бірқатар тапсырмалар құзырлы мекемелерге жолданған және тиісті жұмыстар жүргізілген.

Жалпы статистикалық дерекке сүйенсек, биыл жазғы шомылу маусымы кезінде республика бойынша судағы қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан 155 адам суға батып, қайтыс болған. Оның 47-сі кәмелет жасына толмаған балалар. Ал Шымкент қаласында екі жазатайым оқиға тіркелген. Аталған екі дерек Төтенше жағдайлар министрлігінің есепке алу критериясына сәйкес, яғни тыйым салынған орында шомылып, сақтық шаралары сақталмауынан орын алған. Оның бірі Шымкент аумағындағы Абай ауданы Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы Қайнарбұлақ жасанды көлінде болған. 2001 жылы туған ер бала аталған су айдынына түсемін деп батып кеткен. Жас жігіт Шымкентке көршілес Түркістан облысынан қонаққа келген екен. Ал екінші оқиға Еңбекші ауданы Маятас тұрғын алабындағы Бадам магистарльды каналында тіркелген. Аталған канал суының ағысы қатты болған. Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері мәйітті шлюзге тіреліп қалған жерден алып шыққан.  Екі жазатайым оқиға орнында да шомылуға тыйым салынғаны туралы ескерту тақтайшасы болған екен. Бұдан өзге қалада тұрғын үй секторларының аумағында құрылған каркасты бассейін суына 3, 4, 5 жастағы үш бүлдіршін батып кеткен.

(Фото: Шымкент қ. ТЖД)

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қаладағы ыстық басылғанға, яғни қыркүйек айының соңына дейін рейдтік жұмыстарды жалғастыратын болады. Бұл дегеніміз шаһарда жазғы шомылу маусымы аяқталғанымен, біз тоқтап қалмаймыз. Өйткені күн райының жылу болуына байланысты шомылу жалғасуы мүмкін. Сондықтан сақтық шараларды сақтау қажет,-деді Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы.  

Еске салсақ, қала әкімінің қаулысы бойынша шаһарда бес ресми су айдыны белгіленген. Олардың үшеуінде шомылуға рұқсат етілген. Атап айтқанда, Тоғыс елдімекеніндегі «Холодильник» пен «Рахат Бадам» демалыс орындары, сонымен қатар Қошқар ата өзенінің бастауы. Ал дендрологиялық саябақтағы жасанды көл мен Жайлаукөлде спорттық және туризм бағыты бойынша суға түсуге рұқсат етілген. Қала әкімінің қаулысымен шомылуға тыйым салынған орындар саны – 13. Бұл орындарға суға түсуге болмайтыны туралы 170 ескерту белгісі қойылған. Қала аумағындағы барлық су айдындарында шомылу маусымы кезінде ТЖД өкілдері, полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің сарбаздары және де волонтерлық ұйымдар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен үгіт-насихат жұмыстары, рейдтік шаралар тұрақты жүргізілген.  Күні бүгінге дейін 365 рейд өткізіліп, 38 мыңға жуық адам қамтылыпты.

Басқарма бастығы өз сөзінде тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түрлі бағытта тиісті деңгейде жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Атап айтар болсақ, 112 қызметі арқылы тұрғындар мен қала аумағындағы халықтың ұялы телефондарына ескерту-хабарландырулар тұрақты түрде жолданып келген. Одан өзге өнер жұлдыздары мен әртістердің, медиа тұлғалардың қатысуымен әлеуметтік желілер арқылы роликтер жарияланған. Дегенмен сақтық шаралары мен судағы қауіпсіздік ережелеріне қатысты үгіт-насихат жұмыстары жүйелі түрде жүрізілгеніне қарамастан бұл құлақтандыруға құлақ аспай,  тыйым салынған орындарда шомылғандар анықталған. Жазғы шомылу маусымы кезінде төтеншеліктер тарапынан 46 азаматқа 806 мың 702 теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұдан өзге полиция қызметкерлері ортақ су пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін  6 тұлғаға ескерту беріп және қоғамдық орындарда алкоголдік ішімдік ішу бойынша 36 азаматқа 683 мың 20 теңге айыппұл салыныпты.

(Фото: ©El.kz)

Жалпы қалада кәсіпкерлік бағыттағы 26 бассейн бар. Шомылу маусымы басталғанға дейін ТЖД қызметкерлері бассейні бар демалыс орындарының иелерімен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жиналыс өткізіп, хаттамалық тапсырмамен ұсыныс берілген. Онда қауіпсіздік шараларын сақтау, бассейн аумағын құтқарушылармен қамту сияқты мәселелер қаралған.

Бұл жұмыстар тікелей өзімнің бақылауымда болды. Бассейн иелерімен  Whats App мессенджерінде арнайы топ ашып, онда біздің тарапымыздан түсіндірме жұмыстары ескертіліп отырды. Сондай-ақ үгіт-насихат бағытында түрлі роликтер мен хабарландырулар жолданды. Бұдан өзге бассейні бар әр демалыс орны қай уақытта ашылды, қанша адам шомылды, кешке қай уақытта жабылды, қандай резонанстық жағдайлар болды. Осының бәрін біз аталған топ арқылы өз тарапымыздан инициативті түрде бақылауда ұстадық. Сонымен қатар бассейні бар демалыс орнында ТЖД тарапынан қосымша құтқарушылармен методикалық көмек көрсетілді. Тағы бір айта кетерлігі, шомылу маусымы басталғанға дейін біздің сүңгуірлер шомылуға рұқсат етілген «Холодильник», «Рахат Бадам» демалыс орындарындағы су асты арналарының тазалығын қарап, тыйым салынған заттардан тазарту жұмыстарын жасап берді. Бұл шаралар тегін жүргізілді,-деді Нұржан Қаракөзов.

Тағы бір атап өтерлігі, судағы қауіпсіздік шаралары бойынша аталған екі демалыс орнының аумағына  «Сергек» камерасы «ақылды камера» құрылғылары орнатылған. Егер келушілер су айдынының рұқсат етілмеген аймағына қарай жүзіп өтсе, камера құрылғысынан дереу дабыл белгісі беріліп отырған.  Сонымен қатар дрондар мен дауыс ұлғайтқыш құрылғылардың көмегімен де демалыс орнына келушілерге насихат жұмыстары жүргізілген.

Әрбір адам өмірі – біз үшін маңызды. Сондықтан ТЖД қауіпсіздік шараларын әрбір тұрғынға жеке-жеке жеткізу мақсатында жұмыстарды жалғастыра бермек. Бұл ретте жұмыстар тек шомылу маусымындағы сақтық шаралармен шектелмейді. Жазғы маусымда шомылудан бөлек өрт қауіпсіздігі, күн салқындағанда улы газдан иістенудің алдын алу секілді жұмыстарды жүргізе бермекпіз. Бұл бойынша біз телеарналарды қамтып отырмыз. Мәселен, теледидар алдында кино немесе қандай да бір бағдарлама көріп отырған көрермен назарына кенеттен қауіпсіздік шаралары туралы роликтер көрсетіледі. Сондықтан тұрғындардан ТЖД қызметкерлерінің жүргізген кез келген үгіт-насихат жұмыстарына түсіністікпен қарап, құлақ асуларын сұраймын,-деді Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзов.

Өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, Шымкентте бес аудандық әкімдікпен бірлесіп балаларға суда жүзуді тегін үйрету бойынша 15 мекемемен меморандум түзілген. Соның аясында биыл  шомылу маусымы кезінде көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылардың 3−15 жас аралығындағы 1600-ден астам баласы арнайы инструкторлардың көмегімен жүзуді үйренген. Қазіргі таңда департаменттегілер қаладағы «Спартак» және Қажымұқан стадионындағы орталық бассейн басшыларымен мұндай отбасылардан шыққан балаларға суда жүзуді тегін үйрету бағытында келіссөздер жүргізіліп жатыр екен. Оның нәтижесі бойынша шымкенттік балалар тек жазғы маусымда емес, жыл он екі ай суда жүзуді үйрену мүмкіндігі ие болады деп күтілуде.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: