Шымкенттің татар-башқұрт этномәдени орталығы жаңа көшіп келген отбасына ерулік берді

29 Шілде 2019, 15:08 3387

Руслан Габдуллин мен Элвира Мұханова Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданынан Шымкентке жақында көшіп келді. Үш перзенті бар. Қала өміріне әлі үйренісе алмай жатқан жас отбасыға қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшелері арнайы дастархан жайып, қазақтың салтымен «Ерулік беру» дәстүрін өткізді. 


«Ерулік беру – жаңадан көшіп келгендерге асын асып, қазанын қайнатып, көмек қолын созу арқылы бұрыннан тұрып жатқан адамдардың көрсеткен ілтипаты. Ол дегеніміз жаңа отбасыға көрсетілген сый-құрмет және тез арада жақын араласып кетудің бір жолы. Қазақ халқының игі дәстүрінің арқасында осында жер аударылған түрлі этностар да қазақ жеріне бауыр басып, сіңісіп кетті», - дейді Шымкент қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Саима Ақбердиева. 

Дәстүрге сай қонақтарға ыдыс-аяқ сияқты күнделікті қажетті дүниелер, балаларға тәттілер тарту етілді. Жастар өздеріне көрсетілген сый-құрметке дән ризашылықтарын білдіріп, болашақтарын шырайлы Шымқаламен байлыныстырған олар қазақтың осындай салт-дәстүрін нығайту арқылы бірлігіміз нығайып, ынтымағымыз арта түседі деп санайды.  


«Біздің ата-бабаларымыз өткен ғасырдың ортасында қасиетті қазақ жеріне, дәлірек айтсақ қазіргі Қазығұрт ауданына қоныс аударған. Сол кезде жергілікті Сәкен апа оларды үйіне шақырып, ерулік бергенін атам мен әжем үнемі айтып отыратын. Осылай етене жақын араласудың арқасында біздер жергілікті халыққа туыстардай бауыр басып кеттік. Адамдарды жақындастыра түсетін игі дәстүрлерді ұстану бізге тек бірлік пен береке сыйлайды», - дейді жас ана Эльвира Мұханова.  

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» жобасы аясында Ұлы Даланың дәстүрлеріне негізделген осындай игі шаралар өткізуді шымкенттік этномәдени бірлестіктер биылғы қаңтар айында бастаған. Олар бұған дейін «Сарқыт», «Сыбаға», «Қамқор», «Асар», «Тоқымқағар» тақырыптарында қайырымдылық іс-шараларын өткізді.

Акция алдағы уақытта «Жылу», «Көрімдік», «Бата», «Бес жақсы», «Кәде» сынды атауларымен жыл соңына дейін жалғасып, қарттар мен жетімдерге, науқас азаматтар мен көмекке мұқтаж жандарға, көпбалалы отбасыларға жан-жақты көмек көрсетілмек.

Бөлісу: