Шымкентте Ассамблея алаңында медицина мәселелері талқыланды

12 Қыркүйек 2019, 10:36 2374

Шымкентте қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтіп, онда қаланың денсаулық сақтау саласына қатысты маңызды мәселелер талқыланды.

Қалалық кеңес мүшелері, ассамблея хатшылығының қызметкерлері, аудандық кеңестердің төрағалары мен аудан әкімдігінің жауапты қызметкерлері қатысқан алқалы жиынды кеңес төрағасы, қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев жүргізіп отырды.


Жиында алдымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған маңызды жайттар сөз болды. Бұл бағытта тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев «Мемлекет басшысының Жолдауы – жаңа міндеттер» тақырыбында баяндама жасады.

Сондай-ақ, кеңес отырысында «Шымкенттің шеткі аймақтарында орналасқан елді мекендер мен шағын аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің деңгейі мен сапасы» тақырыбында қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Тимурхан Варзиловтың баяндамасы тыңдалды.


Жиынды қорытындылаған кеңес мүшелері қаланың шеткі аймақтарында орналасқан елді мекендер тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру, «Жедел жәрдем» стансаларының қызметін реттеу, диагностикалық орталықта ақылы және ақысыз тексерістен өтетін азаматтарға тең дәрежеде қызмет көрсетуді жүйелеу сияқты бірқатар мәселелерге қатысты салалық басқармаға ұсынымдар берді.

Бөлісу: