Шымкенттегі колонияда тұтқын қайтыс болды. 37 жастағы ер адамның туыстары мекеме қызметкерлері оны ұрып өлтіргенін алға тартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv сайтына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, қайғылы жағдай 7 қыркүйекте болған. Мекеме басшысының сөзінше, бопсалау бабымен үш жарым жылға сотталған ер адам түрмеге түскелі асқазан ауруымен ауырған. Бес рет дәрігерлер көмегіне жүгінген. Соңғы рет 3 қыркүйекте ауруханаға түсіп, кейінірек көз жұмған. Медицина және түзеу мекемесінің мамандарына қатысты қызметтік тексеру басталды.
Ер адам темір торға бір ай бұрын ғана түскен. Марқұмның артында 3 баласы мен келіншегі қалды. Ал қылмыстық істің қай бап бойынша қозғалатыны сот-медициналық сараптамасынан соң белгілі болмақ.
Қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүріп жатыр, құзырлы органдар да тексерісті бастады. Ол кісілер бізге сенбейді, "ұрды-соқты" деп түсініп жатқан шығар. Бірақ тексеру қорытындысы шығады, – деді Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты № 54 мекеменің бастығы Серікбай Дүйсенов.