Шымкентте жүрек ауруларын ерте анықтайтын талдау тәсілі енгізіледі

25 Ақпан, 21:32 695

Елімізде жүрек қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші алғашқы орынға шыққан. Сондықтан шымкенттік ақ қалаттылар инфаркттің алдын алу шараларын жақсарту мақсатында конференция өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиын барысында айтылған жағымды жаңалықтың бірі келесі айда Шымкентте қауіпті дертті алдыңғы сатыда анықтауға болатын тәсіл енгізілмек.

Елімізде жүрек ауруы күн санап жасарып барады. Мәселен, кеше Шымкентте 27 жастағы жігіт инфаркт алды. Оның артериялық тамырына тромб тұрып, салдарынан жүрегі қысылып, ауа жетпей жедел-жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Науқасқа тез арада ота жасалып, ақ халаттылар қайғылы жағдайдың алдын алды деуге болады. Арман Сабырдың әкесінде де жүрек ауруы бар екен. Сондықтан мамандар бұл дерт науқасқа тұқым қуалау жолымен келгенін айтыпты.

Жүрек ауырып, екі өкпем қысқанын байқадым. Түнгі үштер шамасы еді. Сонсоң әйеліме жедел жәрдем шақыр деп айттым. Олар бірінші ауруханаға апарды. Ол жақта қарап, бірден жедел жәрдем шақырып жүрек орталығына жіберді. Мұнда операция жасады. Сол кезде білдім инфаркт болғанымды. Бұған дейін жүрегім ауырмаған. Бірінші рет болып тұр мұндай жағдай. Әкем жақында стенд қойдырған. Оның жасы қазір 53-те, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Арман Сабыр.

Қазақстанда жүрек қан тамыр аурулары өлім-жітім көрсеткіші бойынша алғашқы орында тұр. Осыны ескерген үшінші мегаполистік ақ халаттылар аурудың алдын алу мақсатында тренинг өткізді. Конференцияға 100-ден аса маман қатысып жатыр. Соның бірі Арыс қаласынан арнайы келген терапевт дәрігер Ботакөз Сүйінбаева. Ол бүгінгі сабақтан жақсы тәжірибе жинағанын айтады.

Жүрек қан тамыр аурулары бұрын өлім көрсеткішіне жетекіші себеп болатын болса, соңғы уақытта негізгі себеп болып табылады. Бүгінгі конференцияда жүрек қан тамырларына алып келетін себептерді жою, қауіпті факторлармен күресу, дәрігер тарапынан қандай ем-домдар жасау, қандай жаңа препараттарды енгізу, салауатты өмір салтын дұрыс сақтауды науқастарға дәріптеуді санамызға түйдік, – дейді Арыс қалалық орталық аурухананың терапевт дәрігері Ботакөз Сүйінбаева.

Шымкенттегі жүрек орталығында жылына 6 мыңнан аса науқас ем алады. Мұнда науқастардың басым бөлігі төмен физикалық белсенділік, семіздік, липидті бұзылулар, темекі шегу, қан қысымының төмендеуі салдарынан түседі. Мамандар соңғы уақытта белең алған жүрек қан тамыры ауруларының алдын алу өте маңызды екенін тілге тиек етті. Сондықтан өңірлік медицинада жаңа тәсіл енгізіліп жатыр.

Бүгінгі конференцияда айтып өтетініміз: жүрек қан тамыр аурулары әлем бойынша 1- орында тұр. Сондықтан жүрек ауруларын диагностикалау мақсатында липопротейн-А тәсілі енгізіліп отыр. Липопротейн-А – бұл реактивтің аты. Бұл жүрек қан тамыр ауруларының алдын алу мақсатында жасалатын талдаудың бір түрі болып табылады,- дейді Шымкент қалалық диагностикалық орталықтың бөлім меңгерушісі Эльмира Баймұханбетова.

Аталған талдау түрі үшінші мегаполис пен Түркістан облысында 1 наурыздан бастап іске қосылады. Соның арқасында мамандар дертпен күресуді көздеп отыр. Әзірге ақылы түрде жүретін процес алдағы уақытта МӘМС жүйесіне енгізіледі деп күтілуде.

Перизат Саденова
Бөлісу: