Шымкентте жоғалған үш жастағы бала ата-анасына тапсырылды

11 Маусым, 15:42 527

Шымкентте полицейлер жоғалған 3 жасар баланы ата-анасына қайтарды, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Еңбекші ауданының аумағындағы көпқабатты үй ауласында үлкендердің қарауынсыз ойнап жүрген бүлдіршін туралы хабарды патрульдік полицейлер таңғы сағат 5-те қабылдаған. Шақырту бойынша жедел жеткен тәртіп сақшылары тілі анық шықпаған баланың ата-анасы мен мекенжайын анықтау мақсатында жергілікті тұрғындардан сұрастырып, үйме-үй аралап шықты.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде, жеткіншек әкесіне аман-есен тапсырылды. Белгілі болғандай, бала таң сәрісімен үйдің ашық қалған есігінен көрші аулаға ойнауға шығып кеткен. Өз кезегінде, баланың туыстары полицейлердің қызметіне шын жүректен алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Осы орайда, полиция балалардың қатысуымен болатын қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін, оларға мұқият болып, көзден таса қалдырмауларыңызды сұрайды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: