Шымкентте жастар саясаты мәселелеріне арналған өңірлік азаматтық форум өтіп жатыр

18 Тамыз 2023, 14:53 974

Шымкентте «Уақыт сынақтары және өзгерістердегі жастардың рөлі. Елдік және халықаралық жастар саясаты» тақырыбында өңірлік Азаматтық форум өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Іс-шараға ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Қазақстанның Азаматтық Альянсы президенті Бану Нұрғазиева және Шымкент қаласындағы үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Мемлекет басшысы азаматтық қоғам құру еліміздегі негізгі басымдықтың бірі екенін айтып келеді. Президент жолдауында, сайлауалды бағдарламаларында бұл мәселенің маңызына мән бергені белгілі. Шымкент қаласы әкімі азаматтық қоғам институттарының атқаратын қызметіне тоқталды. 

Азаматтық қоғамды қалыптастыру мен дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің рөлін арттыруға ерекше назар аударып отыр. Қазіргі таңда Шымкент қаласында да азаматтық қоғам институттарының атқаратын қызмет аясы кеңейіп келеді. Оның бірі дәлелі ретінде қалада 550-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркеліп, жұмыс істеп жатқанын айтуға болады, – деді форумның ашылуында сөз алған қала әкімі М.Әйтенов.

Ал ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің сөзіне қарағанда, азаматтық қоғам институттарының маңызды топтарының бірі – қоғамдық кеңестер. Қазіргі таңда елімізде 258 қоғамдық кеңес жұмыс істейді, олардың құрамына 4 мыңға жуық жанашыр азамат, түрлі сарапшы мамандар тартылған.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы қазір Мәжілістен өтіп, қазір Сенаттың қарауына келіп түскен. Сонымен қатар бүгінде «Онлайн петиция институты туралы» заң жобасы да Сенаттың қарауына ұсынылған. Сондай-ақ «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға да өзгертулер енгізуге бағытталған жоба Мәжіліске жолданды, – деді министр.

Айта кетейік, биылғы Азаматтық форум Республика күніне орай қазан айына жоспарланып отыр. Еліміздің барлық өңірінде, әртүрлі тақырыпта өтіп жатқан басқосулардың қорытындысы Астанада өтеді. 

Мадина Асылбекова
Бөлісу: