Шымкентте ынтымақтастықты нығайту мақсатында велошеру өтті

20 Қазан, 07:35 557

Шымкентте Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында еліміздегі ең ірі велошеру өтті деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен Спорт және дене шынықтыру басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға еліміздің әр өңірінен 150 велошабандоз қатысты. Оларға 120 шақырымды жүріп өту міндеті жүктелді. 

Жиынның ашылу салтанатында қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов вело шерудің маңыздылығына тоқталды.

Бүгінгі спорттық іс-шараның мақсаты – Шымкентте велосипед спорты мен салауатты өмір салтын насихаттау. Мемлекет тарапынан спортты дамытуға айрықша мән берілуде, әрбір азаматтың спортпен айналысуына жағдай жасалуда. Таяуда ғана ашылған 6 шақырымдық вело жолағы Шымкент қаласындағы инфрақұрылымды дамыту жобасының бір бөлігі. Қалада велосипед спорты мен жеңіл атлетика мектебі жұмыс істейді, соның нәтижесінде спортшыларымыз халықаралық жарыстарда еліміздің туын желбіретіп жүр, – деді Қуаныш Асылов.

Шараға тек қала тұрғындары емес, басқа өңірлерден келген қонақтар да қатысты. Жарыс жолын бағындырған барлық қатысушылар медальдармен марапатталды.

Айта кетсек, велошеру 2019 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Карантиндік шектеулерге байланысты бұл шара уақытша тоқтатылған болатын.

Перизат Саденова
Бөлісу: