Шымкентте Street art стилінде жаңа мурал пайда болды

4 Мамыр 2023, 12:40 1185

Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінде ерекше стильде салынған жаңа мурал пайда болды. Оны жергілікті халық қазақ философиясымен ұштастырады, қабырғада жеті қазынаның бірі – үш жылқы кескінделген. Алайда мазмұны басқа деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігінің Шымкенттегі тілшісі.

 Муралдың мағынасын алғашында түсіне қою қиын. Қарапайым, жай ғана салына салған кескіндер секілді. Әсіресе, жақыннан қарасаңыз, топтасқан жылқылар түк қатысы жоқ сары шеңберден таласып су ішіп тұрғандай көрінеді.

Мұны Street art  стилі дейді. Бірнеше суретші ақылдасып, осы жанрды қайта жаңғыртуды қаладық. Үш жылқы біздің күнделікті өміріміз: таңның атуы, түс, кештің батуы бейнеленген. Ал ортадағы сары шеңбер «осы жерде және осы мезетте жарқын өмір сүр!» деген мағынаны білдіреді. Кез келген адам қай жерде жүрсе де тұрған аймағын жайқалтып, гүлдендіруі керек. Өзгерісті өзіңнен бастағанда ғана әлем өзгермей ме? Әрі бұл осындағы тұрғындардың өз ауласына немқұрайды қарамауына бірден-бір себеп, -дейді суретші Дмитрий DMN.

Шығармашылық жұмысқа үйдің тұрғындары дән риза. Олар мурал маңында суретке түсушілер көбейіп, ауламыз көңілді әрі сәнді бола түсті дейді.

Әуелгіде қабырғадағы суреттің мәнісін ұқпадым. Жылқылардың бейнеленгеніне қарап, қазақтың ар-намысты, өжет, кең пейілін көрсеткісі келген шығар дедім. Сөйтсем авторлардың идеясы басқа екен. Кейіннен түсіндім. Мысалы, Түркістан көшесі бойының жоғарғы жағынан осы аймаққа көз салсаңыз, біздің үйлердің қабырғасы біреу-ақ болып көрінеді, яғни барлығының жиынтығы жалғыз осы қабырға. Сәнді әрі ерекше салынғаны байқалады. Тіпті мұнда жүріп-өткен өзге азаматтар да муралға қызығып қарап, селфилетеді. Осыны ұйымдастырған жергілікті билікке алғыс айтамыз, -дейді қала тұрғыны Талғат Алтаев.

Ол тағы бір маңызды жайт айтты. Жақын маңда қоқыс тастайтын контейнер бар, сол маңай үнемі жиналмайтын. Жігіттер суретті салып біткенше 10 күнін жұмсады, сол аралықта біздің ауланың балалары жан-жақта шашылып жатқан қоқыстарды жинауды бастады. Қазір қараңызшы тап-таза! Мәдениетке жетектеу деген осы деп отыр.

 Жалпы республикалық жоба биыл Шымкенттен бастау алып отыр. Алдағы уақытта өзге қалаларда да стрит-арт стиліндегі қабырғалар пайда болады.

Эльмира Жапарбекқызы
Бөлісу: