31.07.2025
08:40
817
Шымкентте сиыр етінің бағасы шарықтап кетті: Әкімдік пікір білдірді

Шымкентте сиыр етінің бағасы шарықтап кетті: Әкімдік пікір білдірді

Шымкентте сиыр етінің сүйексіз, жұмсақ ет бөлігінің (мякоть) бір келісі 5 000 теңгеге дейін өсті. Қала әкімдігі ет бағасының неліктен шарықтап кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Әкімдіктің мәліметінше, сиыр етінің сүйексіз, жұмсақ ет бөлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне кірмейді. Сондықтан оның бағасы мемлекеттік реттеуге жатпайды. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарына сиыр етінің сүйекті жауырын-төс бөлігі ғана енгізілген.

Жалпы, ет өнімдерінің бағасы тек Шымкент қаласында ғана емес, республика көлемінде де өсіп отыр. Мамандардың айтуынша, бұл жағдай бірнеше факторларға байланысты. Соның ішінде  Өзбекстан секілді көршілес елдерден етке сұраныстың артуы салдарынан экспорт көлемі ұлғайған. Сонымен қатар, жем-шөптің қымбаттауы да мал шаруашылығындағы өнімдердің өзіндік құнына әсер етіп, сиыр еті бағасының өсуіне себеп болған.

Қазіргі таңда Шымкент қаласына еттің негізгі бөлігі Түркістан облысынан, оның ішінде Қарабұлақ елді мекеніндегі мал сою алаңдарынан жеткізіледі. Аталған өңірде сиыр етінің көтерме бағасы (туша) 3 500–3 600 теңге көлемінде босатылуда. Ал қалалық сауда орындарында бөлшек сауда бағасы 3 800–4 000 теңге шамасында белгіленген.

Бағаның негізсіз өсуінің алдын алу мақсатында қала әкімдігі бірқатар тұрақтандыру шараларын қабылдауда. Атап айтқанда, ірі сауда желілерімен және ет өнімдерін өндіруші шаруа қожалықтармен арнайы келісімшарттар түзілген. Соның нәтижесінде, Шымкент қаласының 60-қа жуық әлеуметтік сауда орындарында сиыр етінің сүйекті жауырын-төс бөлігін 2 620 теңгеден сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Қазіргі таңда еттің осы бөлігін төмендетілген бағамен бірқатар сауда орындарынан алуға болады,-делінген мәліметте. 

Айта кетсек, жыл басынан бері Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтерген 200-ге жуық кәсіпкерге әкімшілік шара қолданылған. Олардың ішінде ет өнімдерін сатумен айналысатын 15 кәсіпкер де бар.