Шымкентте Сағадат Нұрмағамбетовтың жүз жылдығына арналған көрме ашылды

11 Ақпан, 22:40 733

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың жүз жылдығына арналған «Халық жүрегіндегі қаһарман» атты көшпелі көрме ашылды, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

Көрмені Қарулы күштердің мемлекеттік әскери-тарихи мұражайы Түркістан облыстық тарихи-өлкетану мұражайымен бірлесіп ұйымдастырды.

Көрмеге алғашқы болып Шымкент қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев, Қарулы күштердің ардагерлері, шет мемлекеттердегі ұрыс қимылдарына қатысушылар, Шымкент гарнизоны әскери полиция бөлімінің әскери қызметшілері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері және 35748 әскери бөлімінің әскери оркестрі қонақ боп келді.

Музей экспонаттары үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың өмірінен сыр шертеді. Екінші бөлім батырдың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлік жолына арналған. Ал үшінші бөлімде Халық қаһарманының Қазақстан қорғаныс министрі болған кезеңдегі қызметі туралы баяндайды.

Көрмеге мемлекеттік әскери-тарихи мұражай қорынан, сондай-ақ армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың жеке мұрағатынан алынған бірегей жәдігерлер қойылған. Мұнда батырдың бұрын еш жерде жарияланбаған фотосуреттері мен құжаттарын, марапаттары мен жеке заттарын көруге болады.

«Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының балалары Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың тәуелсіздіктің бір жылдығына орай артиллериядан отыз дүркін мерекелік салют беру туралы бұйрығы жарияланған «Қазақстан сарбазы» газетіне ерекше қызығушылық танытты.

– 1992 жылы жарық көрген газеттен осы жолдарды оқи отырып, алғаш рет тәуелсіздік күнін мерекелеудің маңыздылығы мен ауқымдылығын сезіндім. Мәтіннің әр сөзінде Қорғаныс министріне жүктелген жауапкершілік сезіледі. Сан сынақтан өтіп, көптеген қиындықтарды жеңе білген адам ғана өмірде жетістікке жетіп, тарихта өшпес із қалдыра алатынына көзім жетті, –деді № 129 орта мектебі «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Сымбат Мырзахан.

«Халық жүрегіндегі қаһарман» көрмесі Түркістан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында 2024 жылдың 28 ақпанына дейін жұмыс істейді. Экспозиция Қазақстанның көптеген қалаларын аралайтынын атап өту керек.

Перизат Саденова
Бөлісу: