Шымкентте Республика күніне орай 60-тан астам полицей марапатталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қалалық полиция департаментінде Республика күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға департамент басшылығы, жеке құрамы және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты. Мерекелік іс-шараны департамент бастығы Нұрлан Алмасбеков құттықтау сөздерімен ашты. Ол жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап, тәртіп сақшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша қызметтік борышын адал атқару қажеттілігін атап өтті.
Салтанатты шара қызметте ерекшеленген полицейлерді марапаттау рәсімімен жалғасты. ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен медальдармен, төсбелгілермен және грамоталармен 10 тәртіп сақшысы көтермеленіп, 7 қызметкерге арнайы шендер берілді. Сондай-ақ оқу жылының бірінші тоқсанының нәтижелері бойынша үздік оқығаны үшін “Жас сақшы” кадет сыныптарының алты оқушысы марапатталды.
Бұл күні үздік офицерлердің аналары да назардан тыс қалмады, оларға арнайы медальдар табысталды. Қызметтік міндеттерін адал орындағаны үшін Шымкент қаласы ПД бастығының бұйрығымен 40-тан астам құқық қорғаушы марапатталды. Іс-шара концерттік бағдарламамен аяқталды.