Шымкентте өрт оқиғаларынан қайтыс болғандар саны 8 есеге өсті. Бұл туралы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Эльмира Ережепованың мәліметінше, Шымкентте жыл басынан бері өрт оқиғаларынан 8 адам қайтыс болды. Ал материалдық шығын 552 млн 742 мың теңге болған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 есе артқанын көруге болады.
Жалпы Шымкент қаласы аумағында жыл басынан бергі жеті ай ішінде 109 өрт оқиғасы тіркелді. Оның 75 пайызын тұрғын үйлер мен автокөліктердегі өрт оқиғалары құрап отыр. Қалған 25 пайызы өндіріс, сауда, қойма, әкімшілік объектілерде және ашық аумақтарда болған.
Өрт оқиғаларынан құтқарылған материалдық құндылық 1 млрд 363 млн 430 мың теңге болған. Осы жылы өрттен жарақат алғандар жоқ. Ал қаза болғандардың басым бөлігі алкогольді масаң күйде болған. ТЖД қызметкерлері тарапынан тұрақты түрде барлық пәтер иелеріне өрт қауіпсіздік талаптарын сақталуы туралы үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, жадынама парақшалары таратылды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр, - деді Эльмира Ережепова.