Шымкентте «Mooni Gold» қаржы пирамидасы әшкереленді

Шымкентте «Mooni Gold» қаржы пирамидасы әшкереленді

Шымкент тағы бір қаржы пирамидасының заңсыз әрекетін әшкереледі. Салымшылардың көбі  өз үйлері мен көліктерін кепілге қойып, несие рәсімдей отырып, қаржы пирамидасына ақша салған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қаржылық мониторинг агенттігі ұсынған тергеу деректеріне сүйенсек, күдіктілер өздерін зергерлік бұйымдар сататын компания ретінде көрсетіп, азаматтарға 5 ай бойы салым сомасының  20-30%-ын ай сайын табыс ретінде беруге және негізгі қаражаттың сақталуына кепілдік берген. Алайда төлемдер нақты сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылған.

Қаржы пирамидасына қатысушылар саны мыңнан асқан. Залал көлемі 500 млн теңгеден асқан.

Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған табысқа жалпы құны 280 млн теңге болатын элиталық үй мен автокөлік сатып алған. Бұл мүлікке сот шешімімен тыйым салынды.

Тінту кезінде 15 млн теңге қолма-қол ақша және құны 28 млн теңгеден асатын 67 түрлі алтын бұйым тәркіленді. Маңыздысы, салымшылардың көпшілігі өз үйлері мен көліктерін кепілге қойып, несие рәсімдей отырып, пирамидаға ақша салған. Зардап шеккендердің бірі – зейнеткер әйел. Ол пәтерін кепілге қойып, ұйымдастырушыларға 67 млн теңге берген,-деп атап өтті агенттіктен.

Сонымен қатар күдіктілер салымшыларды «дроппер» ретінде пайдаланған. Яғни басқа қатысушылардан түскен қаражатты өзге салымшылардың банк шоттары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған.

Күдіктілер екі айға қамауға алынды.