Шымкентте колледж студенттері соққыға жығылды: министр мән-жайды айтты

Бүгiн, 14:49 163

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкентте екі студентті соққыға жықты деген күдікке ілінген колледж директорының орынбасары мен дене шынықтыру мұғалімдерінің қызметінен шеттетілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шымкентте колледждің екі студенті өздерін директор орынбасары мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері ұрғанын айтып шағымданған. Олардың сөзінше, директор орынбасарына студенттердің әлеуметтік желіде жазған пікірі ұнамаған. Жәбірленушілердің айтуынша, директордың орынбасары оларды колледждің жертөлесіне кіргізіп, соққыға жыққан. Жертөледе дене шынықтыру мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары да болыпты.

Мәжіліс кулуарында оқу-ағарту министрі тергеу жүріп жатқанын, бұл іс қатаң бақылауда екенін айтты. Ал күдікке ілінген «завуч» пен мұғалімдер қызметінен шеттетілген.

Қазір тиісті шаралар қабылданды. Осыған байланысты тергеу аяқталғанға дейін олар жұмысынан аластатылды, - деді Бейсембаев.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: