Еліміздің астанасында алғаш рет өтетін 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңындағы бұл республикалық турнирге Жамбыл, Тұрар Рысқұлов, Қаратау, Түлкібас, Абай, Қазығұрт және Тұран аудандарының құрама командалары қатысып, бақ сынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
11 мамыр мен 16 мамыр аралығында өткен бұл турнирге аудандардың, моноқалалардың ғана командалары ғана қатысуына рұқсат етілді.15 мамырда бес күнге созылған дүбірлі доданың финалдық кездесуі өтті.
Өз тобынан алдына жан салмай бірінші орынмен өткен Түлкібас ауданының командасы мен екінші топтан Абай ауданының құрама командасы финалда кездесті. Бұл ақтық бәсеке соңғы жылдары болмаған, көрермен көп күткен өте тартысты кездесу болды. Алғашқы минуттардан-ақ, командалар бір-біріне қарсы шабуылды үдетіп, ойынның қиын әрі көрермен үшін қызықты өтетіндігін аңғартты. Ақтық есеп 9-7 болып, Түлкібас ауданының айы оңынан туды.
Үшінші орын үшін ойында Жамбыл ауданының командасы мен Тұрар Рысқұлов ауданының құрама командалары ғана кездесуі керек болған-ды. Бірақ Тұрар Рысқұлов ауданынаан алаңға 6-ақ шабандоз шығуына байланысты, олаоға техникалық жеңіліс есептелді. Көкпардың бекітілген ережесіне сәйкес, егер алаңға шығатын команданың ойыншылары 8 шабандоздан кем болса, автоматты түрде жеңіліс есептеледі.
Сурет: Көкпар федерациясы
Осылайша Жамбыл ауданының командасы жүлделі үшінші орынды иеленді.
Жалпы жүлде қоры 20 000 000 теңгені құраған бұл турнирде алтыннан алқа таққан Түлкібас командасы жүлделі 8 000 000 теңгені, күмісті мойнына ілген Абай ауданына 6 000 000 теңге, ал қола жүлдені иеленген Жамбыл ауданына 4 000 000 теңге сыйақы табысталды.
Одан бөлек, «үздік ойыншы» номианиясын Әділет Мамыт иеленсе, «үздік шабуылшы» номинациясы Нышанбеков Абылайханға бұйырды. Одан бөлек «үздік төреші» номинациясын Жамбыл облысынан Ақылбек Қымызбаев, ал «ең үздік сәйгүлік» атағын «Намыскүрең» жеңіп алды. Қосымша әр номинацияға 335 000 теңге сыйақыдан берілді.
Сурет: Көкпар федерациясы