Шымкентте кәсіпқой бокс кешінде Нұрдос Төлебай маңызды жеңіске қол жеткізді

9 Маусым, 18:36 549

Шымкентте «Irfin Promotions» компаниясының ұйымдастыруымен және Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен кәсіпқой бокс кеші өтті, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі. 

Бұл сында Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Филиппин, Таиланд, Моңғолия боксшылары өнер көрсетті. 

Алғашқы жекпе-жекте Қазақстан боксшысы Бауыржан Бекмырзаев (1-0, 1 КО) өзбекстандық Дильмуроджон Тошхуджаевты (2-0, 1 КО) уақытынан бұрын ұтты. 

Орта салмақта өнер көрсеткен тағы бір отандасымыз Қалдыбек Қалдан дебюттік жекпе-жегінде Моңғолия боксшысы Баасандорж Баичулуунудан (4-5, 2 КО) оңбай ұтылды. 

 Ал Азия чемпионатының жүлдегері Әлішев Аблулалим дебюттік жекпе-жегінде өзбек боксшысы Сардор Музаффаровты  (4-10) техникалық нокаутпен жеңді. 

Әзірге жеңілмей жүрген боксшы Жолдас Жеңісов (6-0, 2 КО) Өзбекстанның танымал боксшысы Шохбоз Толибжоновпен (2-0, 1 КО) бокстасқан еді. Ол бұл сында төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті. 

Армат Арманұлы дебюттік жекпе-жегінде Ресей боксшысы Никита Горшковтан (6-1,1 КО) ұтылып қалды. 

Қазақстандық Елшат Нығметолла (18-0-1, 6 КО) Өзбекстан өкілі Сарвар Усмоновпен (5-2, 4 КО) кездесуде жеңіске жетті. 

Кешті басты жекпе-жегінің бірінде ақтаулық Самат Жетібаев (6-0, 4 КО) Азияның  WBA және WBC нұсқасының чемпионы, филиппиндік Адриан Лерасан шыққан болатын. Алайда. Филиппин боксшысы бұл сында басымдық танытты. 

Ал басты жекпе-жекте Түркістан облысының тумасы Нұрдос Төлебай (11-0, 9 КО) Таиландтың чемпионы Анусон Хонлюангпен (20-4-1, 16 КО) шыққан болатын. Екінші раундта Нұрдос уақытынан бұрын жеңіске жетіп, мерейі тасыды.

EL.KZ
Бөлісу: