Шымкентте кәсіпкерлерді бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

27 Қазан 2022, 12:32 1663

Ер адамдар жәбірленушіге тиесілі Toyota Camry 70 автокөлігін тартып алған

Шымкентте полицейлер кәсіпкерлерді бопсалаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкент қаласы Полиция департаментіне жеке кәсіпкер бейтаныс екі азаматтың бопсалағаны туралы арызбен жүгінді. Оны күшпен қорқытқан ер адамдар жәбірленушіге тиесілі Toyota Camry 70 автокөлігін тартып алған. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Аса ауыр қылмысты ашу мақсатында Шымкент қалалық Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері барлық қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде бірнеше күннің ішінде тергеушілер бопсалау жайтына қатысы бар күдіктілердің кім екенін анықтады.

«Екеуі де жергілікті қала тұрғындары, біреуі бұрын бірнеше рет сотталған. ҰҚҚ қызметкерлері күдіктілердің бірін тұрғылықты мекенжайында қолға түсірді. Ал сыбайласы қаладағы қонақүйлердің бірінде ұсталды. Олардан екі аңшылық пышақ, 160 оғы бар пневматикалық тапанша, 21 оғымен АК-47 автоматы және Макаров тапаншасының қабы тәркіленді»,-делінген хабарламада.

Қазіргі таңда күдіктілер қамауда. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ полиция ұсталғандардың қазан айының басында тағы бір азаматтың Iphone 13 Pro Max ұялы телофонын алып қойып, қайтармай қойғанын анықтады. Бұл туралы арыз Еңбекші АПБ-да тіркелген. Жедел уәкілдер қылмыстық топтың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоқтығын тексеруде.

Бөлісу: