Шымкентте дүкеннен 7,5 млн теңгенің тауарын ұрлаған күдікті құрықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Полицияның “102” арнасына әмбебап дүкеннің қоймасы мен сауда алаңынан тауар ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Кәсіп иесінің айтуынша, белгісіз біреу жалпы құны 7,5 миллион теңгеден асатын аяқ киім, сөмкелер мен балалардың ойыншықтарын ұрлап кеткен.
Тергеушілер бұл жайтты “Өндiрiстiк үй-жайға немесе қоймаға заңсыз кiру арқылы ірі мөлшерде жасалған ұрлық” бабы бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Абай АПБ-ның қызметкерлері ЖБО-ның көше камераларындағы жазбаларды зерделей отырып, ұрланған тауарларды алып кеткен жүк көлігін анықтады.
Оның ізіне түскен полицейлер тауар түсірілген мекенжайды да анықтады. Тәртіп сақшылары сол үйден ұрланған заттардың барлығын тапты. 18 жастағы күдікті де осы жерде ұсталды. Тергеу барысында жас жігіт түнде серуендеп жүріп, дүкен ғимаратының артқы жағындағы терезенің ашық тұрғанын байқап, сол арқылы ішке кіріп кеткені анықталды. Кассаның жанынан мекеменің алдыңғы есігінің кілтін тауып алған соң, бұл сәтті барынша пайдалануға тырысқан. Айналасындағы барлық кабельдерді қуат көздерінен ажырату арқылы қаскүнем бейнебақылау жүйелерін өшірген. Содан соң жүк тасымалдау қызметін көрсететін көлік шақырып, жүк салғышын тауарға толтырып, қылмыс болған жерден ізін суытқан.
Қазіргі таңда ұсталған азамат полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.