Дүйсенбі күні Шымкенттің Әл-Фараби ауданында жантүршігерлік жағдай болды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қаладағы Айбергенов көшесінің бойында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінен 31 жастағы ер адамның денесі табылды. Полиция мәліметінше, ер адам 29 жастағы әйелмен азаматтық некеде болған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде әйел асүй пышағын ер адамның кеуде тұсына сұғып алған. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды. Ал болған жайт туралы күдіктінің өзі полицияға мәлімдеген.
Тергеу-жедел тобы 24.04.2023 жылы Айбергенов көшесіндегі пәтерде бірге тұрып келген екі адамның арасында жанжал туындағанын анықтады, ер адам кеуде тұсынан алған пышақ жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды. Бұл факт ҚР ҚК 99-бабы бойынша («Кісі өлтіру») тіркелді. Іс бойынша бірқатар сот сараптамасы тағайындалды, – делінген Шымкент қалалық ПД таратқан мәліметте.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.