Шымкентте ядролық медицина орталығы ашылды. Инвесторлардың демеушілігімен ел игілігіне берілоген орталықта заманауи технологиялық аппараттардың көмегімен қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтап, науқастарға сапалы көмек көрсетіледі, деп хабарлайды El.kz.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің айтуынша, жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асты.
«Мемлекет тарапынан орталық ғимаратын тұрғызуға қаржы қарастырылып, өзге жұмыстар инвестордың қаржысына атқарылды. Қаламыздағы бұл орталық республикадағы үшінші ірі орталыққа айналмақ. Мұнда онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтап ғана қоймай, науқастарға заманауи ем-дом жасауға мүмкіндік туып отыр. Әсіресе, сәулемен емдеуге арналған соңғы үлгідегі жабдық алынды. Мамандардың сөзіне сүйенсек, бұл республикада ғана емес, Орта Азияда бірінші болып Шымкентте орнатылып отыр. Геосаяси және пандемия жағдайларына байланысты орталықтың ашылуы 4 айға кешікті. Десек те, инвесторлардың қажырлы еңбегі үшін алғысымды білдіремін. Бір аптаның ішінде 22 кісі ем алып үлгерді. Сондай-ақ, қызметкерлер арнайы біліктілік арттыру курстарынан өтті», – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Мамандардың айтуынша, жоба аясында радиофармпрепараттардың кеңейтілген желісін және онкологиялық ауруларды емдеуге арналған жоғары дәлдіктегі радиология орталығын пайдалана отырып, радионуклидтік диагностика орталығын құру көзделіп отыр.