Шымкентте алдағы 3 жылда 54 мектеп салынады – Жанат Тәжиева

21 Маусым 2023, 15:29 2312

Үшінші мегаполис халық өсімі жағынан алда келе жатқан ірі қалалардың бірі. Шаһарда туу көрсеткіші соңғы 5 жылда 49,7 пайызға өсіп отыр. Бұл туралы Шымкент қаласының бас ұстазы Жанат Тәжиева El.kz ақпараттық агенттігінің өңірдегі тілшісіне берген сұхбатында айтып өтті.

Жанат Арысбекқызының айтуынша, Шымкент қаласында соңғы 5 жылда туу көрсеткішінің тұрақты өсуі байқалған. 2018 жылы 25 738 сәби дүниеге келсе, 2022 жылы 38 546-ны құрап отыр. Яғни осы кезге дейінгі бала саны 12 808-ге артқан. Бұл демографиялық өсімнің 49,7 пайызын құрайды деген сөз. Осыған байланысты үшінші мегаполисте білім беру ұйымдарының желісі артқан.

Оған дәлел, бүгінгі таңда 897 білім беру ұйымдарында 399 598 тәрбиеленуші білім алуда. Соңғы 5 жылда 232 білім беру ұйымдары қосылып, 111 677 балаға артқан. Оның ішінде, 587 мектепке дейінгі мекемелерде 79 857 бала қамтылған. Оның ішінде мемлекеттік 71 мекемеде 18 445, жекеменшік 516 мекемеде 50 296 бала бар,-дейді Жанат Тәжиева.

Осыдан 5 жыл бұрын қаладағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны 476 болса, қазір 587, яғни 111 нысан іске қосылған. Бұдан бөлек 113 мектеп салынған. Жаңа білім ошағының 19-ы мемлекеттік болса, 94-і жекеменшік. Бұлардағы бала саны 141 544 балаға артқан. Нәтижесінде, 2018 жылы мектеп саны 133 бірлікті құраса, бүгінде 246 мектепте 242 525 оқушы білім алуда.  

Бас ұстаз білім саласын мемлекет тарапынан қаржыландыру 3,5 есеге артқанын зор қуанышпен айтты.

Шымкент қаласының білім саласына бөлінген қаржы 2018 жылы 57,3 миллиард теңге болатын. 2023 жылға 201,1 миллиард теңге қаржы бөлініп, соңғы 5 жылмен салыстырғанда 3,5 есеге, оның ішінде жалақы қоры да 2018 жылы – 29 730 129,0 мың теңгеден 3 есеге өсіп, қазіргі таңда 111 092,0 миллион теңгеге артты. Педагогтарымыз біраз жыл бұрын 106 000 теңге болса, биыл орташа айлық жалақы көлемі  315 000 теңгені құрады. Мемлекет тарапынан беріліп отырған қолдау білім саласында түбегейлі шешімін тапқан - деді ол.

Реті келгенде әлеуметтік осал топтарға жататын, көп балалы және ата-ана қамқорлығынсыз қалған тәрбиеленушілерге қандай көмек көрсетілгенін де сұрадық. Бас ұстаз бұл ретте қаржылай қолдаудың көлемі соңғы 5 жылда 25 есеге артқанын нақтылап өтті. Оның айтуынша, осы санатқа жататын шаһардағы 54 737 баланы ыстық тамақпен, бір реттік киіммен және қажеттілігіне қарай жазғы демалыс лагерімен қамтамасыз ету үшін бюджеттен биыл 17 367,4 миллион теңге қаржы қаралған.

Сонымен қатар республикалық маңызы бар қала ретінде 1-4 сынып оқушыларын 100% бір реттік ыстық тамақпен қамту межесі де орындалған көрінеді. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін білім мекемелерінде бейнебақылау жүйелері, турникет, дабыл батырмаларымен толық жабдықталып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына толық қосылған.

 Қаланың барлық мектептері бірінші дәрежелі мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілген. 2018-2023 жылдары білім сапасын арттыру, оқушылар үшін соңғы үлгідегі білім алу тетіктерін қамтамасыз ету мақсатында мектептерді жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүзеге асырылды. Яғни, 5 жылдың өзінде қала мектептері жалпы 464 кабинеттер мен 909 интерактивті тақтамен жабдықталды. Нақыталағанда 98 физика, 117 химия, 111 биология, 61 STEM, 77 робототехника кабинеттері қосылды. Пән кабинеттерін қамтамасыз ету үлесі 28%-дан 85%-ға дейін көтерілді. Химия, биология, физика, информатика пәндерінің кабинеттері жаңа үлгіде жабдықталып, оқу бағдарламаларына сәйкес оқытуға да және оқуға да ыңғайлы дидактикалық материалдар және көрнекіліктер қорымен толықтырылды,-деді Жанат Арысбекқызы.

Бұған қоса биыл төрт мектеп аумағында типтік спорт алаңдары салынып, біткен. Осы кезге дейін 78 типтік үлгідегі спорт алаңшалары орнатылыпты. Бас педагог бұл көрсеткішті алдағы 10 жылда тағы да еселейміз деп отыр.

Сұхбат барысында білгеніміз, бұл білім ұйымдарында кадр мәселесінде тапшылық жоқ. Себебі Шымкентте 1 бос орынға 5-6 адамнан сұраныс түседі екен. Қазіргі кезде білім саласы 100 пайыз цифрланған. Тіпті бос орынға кадрларды білім басқармасы, мектеп, балабқша директорлары емес, «HR pocess» жүйесі шешеді.

Оқырманға түсінікті болу үшін тарқатып айтайық.

HR pocess – білім саласының кадрларын іріктеудің автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі. Шымкентте 2020 жылы іске қосылған. Бастапқыда кемшіліктер орын алғаны жасырын емес, бірақ қазір бұл жүйе жетілдіріліп, қайта жаңартылды. «Бүгінде қала халқы да осы жүйемен жұмысқа тұруды толық меңгеріп алған. Себебі «HR pocess» үміткерді таңдауда меритократия, жариялық және айқындық қағидаларын сақтаудың бірден-бір жолы» - дейді Жанат Тәжиева. Айта кетейік, өзіміз көзімізбен көргендей аталған жүйе конкурстық әдіске негізделіпті. Арнайы комиссия құрамына білім беру мекемелерінің директоры, пән мұғалімдері, психолог кіреді. Әлеуметтік желілерде конкурс комиссиясының отырысы онлайн көрсетіледі. Ал нәтижесі www.hr-process.kz сайтына жарияланады. Біз барғанда кезекті комиссия отырысының үстінен түстік. Екі күнде үш тәрбиеші бала-бақшаға жұмысқа қабылданса, кейбір үміткерлер талапта көрсетілген шарттарды толық орындамағаны салдарынан конкурстан өтпей қалды.

Жалпы Шымкенттің білім басқармасы саланы цифрландырудан елімізде көш бастап тұр. Бұған дәлел – үшінші мегаполис Kundelik.kz толтыруда биыл ғана емес, бірнеше жыл қатарынан жылына екі рет «Алтын белгі» иегері атанып келеді. Сонымен қоса, мектеп асханасындағы ас мәзірін ашық жариялау бойынша Шымкент білім басқармасы «Мектеп мәзірін толтыру көрсеткіші бойынша үздік аймақ» номинациясын жеңіп алды.

Шынын айту керек, салалық жетістіктер менің ғана күшіммен, ақылыммен келген жоқ. Бұл күллі шымкенттік педагогтардың, білім саласы қызметкерлерінің ауызбіршілікте және өз мамандығына деген сүйіспеншілігінің, жоғары жауапкершілігінің арқасында қол жетіп отырған жеңіс, -деді шаһардың бас ұстазы.

Жанат Арысбекқызы сұхбат соңында алда атқарылатын жұмыстар мен 10 жылдық жоспармен таныстырды. Ол 2035 жылға дейін тұрғындар сұранысын қанағаттандыру үшін 150 320 орынмен есептелген 160 мектеп салынатынын жеткізді. 2025 жылға дейін 68 675 орындық 54 («Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 25 мектеп), 2030 жылға дейін 38 795 орындық 51, 2035 жылға дейін 42 850 орындық 55 мектептің құрылысы жүргізілетін болады деді Жанат Тәжиева.

Эльмира Жапарбекқызы
Бөлісу: