18.09.2023
12:15
1045
Шымкентте алаяқтықпен алған ақшасын құмар ойынға тіккен әйел сотталды

Шымкентте алаяқтықпен алған ақшасын құмар ойынға тіккен әйел сотталды

Шымкентте алаяқтықпен алған ақшасын құмар ойынға тіккен әйел сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция дерегінше, Абай АПБ-ға жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде шағымданды. Ол өз арызында интернеттегі ақшаңызды 10 күнде 50%-ға көбейтіп беремін деген жылтыр жарнамаға сеніп қалғанын жеткізді.

Жәбірленуші алған ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізу мақсатында қала аумағында бейтаныс келіншекпен кездескен. Ол берген ақшасын 10 күн ішінде көбейтіп беретініне сендіріп, өзінің банктік есеп шотына 1 290 000 теңге аударым жасатып, “ізін суытқан”. Уәде етілген мерзім өткен соң, күдікті телефонға жауап бермей, із-түссіз жоғалғанда ғана әйел алаяққа алданғанын түсінген.

Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Күдіктінің жеке басын, 27 жастағы Түркістан облысының тумасын анықтады.

Тергеу барысында күдікті бұған дейін осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болғаны анықталды. Сондай-ақ алаяқтық жолмен иемденген қаржысын құмар ойынға тігіп, ұтылып қалғаны белгілі болды.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындап, жәбірленушіге келтірген шығынды толық өтегенін жеткізді. Сәйкесінше, сот оған қатысты 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.