Шымкентте Алғыс айту апталығы шеңберінде «Тарихқа тағзым» күні аталып өтті.
Осы күні «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында депортация жылдары Қазақстанға қоныс аударған этностар туралы «Тағдыр тоғыстырған» атты кітап, фото, тарихи құжаттар көрмесі ұйымдастырылды. Оған оқушылар, студенттер, жалпы жастар буыны өкілдері қатысып, Қазақстанға күштеп қоныс аударылған этностардың бастан кешкендерін, мұнда жергілікті халық тарапынан қандай қолдауларға ие болғандығы жөнінде сыр шертетін деректермен танысты.
Көрмеге өңірлік қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архиві, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі, қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы, білім мекемелері және этномәдени бірлестіктер 200-ге тарта тарихи-мәдени дүниелерді жұрт назарына ұсынды.
Арзу Гурбанова қазақ жеріне күштеп қоныс аударған әзербайжан этносының үшінші ұрпағы. Ол қиын-қыстау кезеңде қазақтың дархан даласына тап болмағанда ата-бабаларының тағдыры немен аяқталатынын болжап айтудың өзі қиын екенін айтады.
«Тұтастай алғанда, ХХ ғасырдың басынан бастап Қазақстанға 5,6 миллион адам күштеп қоныс аударылды. Қазақ отбасыларының өздері ауыр экономикалық жағдайларды бастан кешіп, бұрын-соңды болмаған репрессияға ұшырап жатса да, қоныстанушыларға қолдау көрсетті. Қазақ жерінен пана тапқандардың арасында біздің аға ұрпақ өкілдері де бар. Жергілікті халық бас сауғалап келгендердің тілін түсінбесе де өз бауырындай қарап, барымен бөлісті. Мейірім жылуын берді. Қазір де түрлі этнос өкілдеріне ұдайы қамқор көзбен қарап, бәйтеректей сая болып келеді. Қазақ халқының жақсылығын этностардың бүгінгі ұрпақтары ұмытпауы тиіс»,- дейді Арзу Арипқызы.
Басқосуда мұнан өзге түрік, иран, корей, шешен секілді бірқатар этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде пана болған қазақ еліне ақеділ алғысын айтып, патриоттық тақырыпта өлеңдер оқыды. Көрме 28 ақпанға дейін жалғасатын болады.
Айта кетейік, қалада жаңа сипатта бастау алған мерекелік шаралар 1 наурызға дейін жалғасады. Бүгін Шымкентте «Ықылас күні» аталып өтуде.