Шымкент әкімі тікұшақпен су басу қаупі бар аумақтарға бақылау жүргізді

30 Қараша 2023, 04:27 800

Ғабит Сыздықбеков Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Қуанар Базарбаевпен бірге Шымкент қаласының су тасқыны қаупі бар жерлерге аэровизуалды мониторинг жүргізді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазавиақұтқару» АҚ ЕС-145 тікұшағымен ұшу барысында Бадам өзенінің бойында орналасқан Игілік, Қызылжар, Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендері, Текесу, Бадам, Тоғыс су қоймалары, жоғары Бадам су реттегіші және Сайрам-су өзенін барлау жұмыстары жүргізілді.

Аэровизуалды мониторинг кезінде 6 гидротехникалық құрылыс зерделенді. Сонымен қатар 2 өзеннің су ағысына шолу жасалды. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта су тасқынына қарсы жол картадағы 9 іс шара жүзеге асса, су басу аймақтарындағы қауіп сейіледі.

Әуеден бақылау барысында жағдай тұрақты екені байқалды. Өзендердің ағысы қалыпты. Бадам өзенінде секундына 9 текше метр, ал Сайрам суда 1 текше метр су ағуда. Су қоймаларының толу деңгейі 13-45 пайызды құрайды. Тасқын суларды қабылдайтын қоры жеткілікті. Су тасқынын алдын алу барысы үнемі бақылауда болады.

Перизат Саденова
Бөлісу: