Шығыс жұрты Наурызды ерекше тойлап жатыр

18 Наурыз, 13:13 753

Шығыс жұрты биылғы Наурыз мейрамын жылдағыдан ерекше мазмұнда атап өтіп жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн» деген еді. Нәтиже көп күттірген жоқ. Тұжырымдама жасалды. Ұлыстың ұлы мейрамы биыл қазақ даласында өзгеше сипатта, жаңа форматта қолға алынды.

Амал мерекесімен шымылдығы түрілген Наурызнама онкүндігі Шығыс Қазақстан облысында әртүрлі танымдық һәм мәдени-рухани шаралармен, әлеуметтік жобалармен, қайырымдылық акциялармен мазмұнын байытып, мәнін аша түсті. Оның үстіне биыл қасиетті Рамазан айы Наурыз мерекесіне дөп келуі қайырымды істердің қатарын еселей түскені рас.

«Ризашылық», «Наурыз қоржын», «Ізгілік марафоны», «Жылу сәулесі» қатарлы қайырымдылық акциялары аясында облыстың аудан-қалаларында әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына, жалғызілікті қарияларға және басқа да қамқорлыққа мұқтаж жандарға азық-түлік өнімдері мен ұлттық тағамдар салынған пакеттер таратылды.

Наурыз мейрамының алғашқы Көрісу күнінде Тарбағатай ауданы бойынша әлеуметтік жағдайы төмен 70-тен астам отбасына, әрқайсына 20 мың теңгенің азық-түлік пакетін табыс еттік. Бұл игі іс бір күнмен шектеліп қалмайды, алдағы уақытта да жалғаса береді. Сондай-ақ сонау түкпірдегі ауылдардың бірінде ауданның әжелері мен ақсақалдарының басын қосып, куиз ойынын ұйымдастырдық. Бұл бір жағынан алғанда Президентіміз айтқандай егде адамдардың белсенділігін арттырып, қоғамдық өмірге тарту болса, екінші жағынан қарияларымыздың өнегесі жастарды ұлттық рухта, мемлекетшіл ұстанымда тәрбиелеуге зор ықпал етпек. – дейді Тарбағатай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ермек Құрманғалиев.

Өңірде тойланып жатқан ұлық мерекенің бәсін арттырған тағы бір игілікті іс шекара түбінбдегі Зайсан ауданында болды. Бұл ауданның Қаратал және Қарабұлақ елді мекендерінде жиыны 13 отбасына баспана кілттері табыс етілді. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасымен бой көтерген жаңа баспаналарға көпбалалы және әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылар қоныстанды. Кірпіштен сапалы салынған төрт бөлмелі үйлердің әрқайсының ауданы 91 шаршы метр. Ішінде жайлы тұрмыс үшін барлық жағдай жасалған.  

Бүгін біз Қаратал ауылында алты үйдің кілтін өз иелеріне салтанатты жағдайда тапсырғалы тұрмыз. Жалпы, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы арқылы ауданымызда былтыр 42 үйдің құрылысы жүргізілді. Соның алтауын қазір қолданысқа береміз. Ауылды жердегі баспанаға зәуре адамдарды үймен қамтамасыз етуге бағытталған аталмыш бағдарлама биыл да жалғасады. – деп атап өткен Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов жаңа қонысқа қол жеткізген көпбалалы ортасыларды және мерекеге жиылған жұртты Ұлыстың ұлы мейрамымен қатар келген қуаныштарымен құттықтады.    

Айта кетейік, Зайсан ауданында барлығы 1709 көпбалалы ана бар болса, соның 249-ы тұрғын үй кезегінде тұр.

Жоғарыда Наурыз бен Разаман айының қатар келгенін айттық. Ал Наурызнаманың үшінші – Қайырымдылық күні қасиетті жұмаға дөп келді. Осы күні Өскемендегі «Халифа Алтай» мешітінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ораза тұтқан жамағатқа ауызашар берілді.

Баршаңызды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтаймын. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын. Бүгін қасиетті мерекеде «Халифа Алтай» орталық мешітінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан көпшілікке арнап ауызашар беріп отырмыз. Баршаңызға күш-жігер, жарқын көңіл, зор денсаулық, табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев ауызашарға жиналған қалың жұрттың алдында.

Мемлекет басшысының атынан берілген ауызашар дастарханынан Шығыстың зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, сонымен қатар қарапайым тұрғындар да дәм татты.

Көтем келіп, күн жылына сала облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қайта жалғасын тапты. Өткен сенбіде Өскеменге Глубокое ауданының шаруашылықтары өз өнімдерін арқалап жеткен еді, бұл жолы Күршім ауданының қожалықтары бағасы арзан, сапасы жоғары ет, сүт, балық, бал сияқты азық-түліктің мол қорын алып келді. Жәрмеңке Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылғандықтан концерттік бағдарламасы, ойын-сауығы, қайырымдылық акциясы қоса жүргізілді. Күршімдік шаруалар Өскеменге 12 млн теңгенің өнімін әкеліп, қолжетімді бағада саудалады.

Наурызнама онкүндігі аясында әрбір күнді мәнді де сәнді атап өту басты міндет десек, Шығыста тойланып жатқан мерекенің мазмұны сол үдеден шығатындай. Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні болып белгіленген үшінші күнді шығысқазақстандықтар ұлт руханиятын ұлықтауға арнап жатыр.

Қуан Сейіт
Бөлісу: