"Шығыс салбұрыны - 2023" бүркітшілер фестивалі өтті,

26 Қараша 2023, 15:19 1142

Шығыс Қазақстан облысында «Шығыс салбұрыны - 2023» бүркітшілер фестивалі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ШҚО әкімдігінің сілтеме жасап. 

Аталған Фестиваль Ұлан ауданы, Бозанбай ауылындағы «Бүркіт төбе» ипподромында үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.

Ежелгі заманнан бері аң аулайтын құстармен аң аулау өнері қазақ халқының салт-дәстүрлері мен тұрмысына мықтап енген, ал қазіргі кезде мұндай жарыстарды өткізу қоғамның осы ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Бүркіттер мен сұңқарлар, басқа да аң аулайтын құстар-біздің ежелгі тарихымыздың тірі куәгерлері және жолсеріктері, - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.

Биылғы жылы турнирге  Қытай Халық Республикасы, Монғол Халық Республикасы, Ресей және Қырғызстанның спортшылары қатысты. Беделді қазылар алқасы көрермендермен бірге 40 бүркіт пен 10 сұңқардың арасынан және ит жарысы бойынша 40 «Тазы» тұқымдылардың арасынан үздіктерін анықтады.

Іріктеу кезеңінде жыртқыш құстар 700 метр қашықтықтан иесінің шақыруымен ұшып, қырандар шырға салудан сынға түсті.

Жартылай финалда қояндарды еркін аулау болды. Ал, Финал – түлкі аулаудан өткізілді. Қорытынды бағдарламада иесінің шақыруымен қаршығаның, сұңқардың, бүркіттің ұшуы және ұшқан кезде ителгіні шырғаға салуы, бүркіттің түлкі, қоян аулауы,  сұңқар мен қаршығаның көгершін аулауы өткізілді. Фестивальдің ерекшелігі – қазақтың тазы тұқымды иттерінің 1000 метрге жүгіруі және асау жылқыларды қолға үйрету еді.

Нәтижесінде Алматылық Алмас Сейітжан турнирдің үздік бүркітшісі атанды. Екінші және үшінші орындарды Жамбыл облысының өкілдері Серікболсын Жалғасұлы мен Болат Нұрдос иеленді. Риддер бүркітшісі Жұмағұл Ерсұлтан 4-ші орынды иеленді. Алматы облысынан Мұрат Коденов үздік бестікті жапты. Сұңқарлар сайысында Шығыс Қазақстандықтар жеңімпаз атанды: Ғалым Самғат (1 орын) және Байетбай Ермұхан (2 орын). Жүлделі үштікті Алматы облысынан келген Сейтжан Аян түйіндеді. 4-ші орынды Ресейден келген Константин Тихонов иеленді.

 Сұңқарлар арасындағы жарысты Түркістан облысынан Еран Сандыбай жеңіп алды. 2 - орынды  Қарағандылық Темірәлі Төлегенұлы иеленді. 3- орынға Астаналық Ерасыл Серікбекұлы ие болды. Тазы жарысында «Шаша» атты тазы ит жеңіске жетті (иесі Нұрлан Тілеужанов, Сарқант қ., Жетісу облысы). 2-орынға «Лашын» атты тазыға берілді (иесі - ШҚО Тарабағатай ауданынан Мейр Жетпісов). Үшінші орын «Көк қасқа» атты тазы итке тиесілі болды  (иесі Зайсан ауданынан Темірлан Азизов).

Ал, асау үйрету бойынша Бозанбай ауылының тұрғындары Манат Ақжол (1-орын), Маркс Ақжан (2-орын), Жанболат Сейіт (3-орын) асау жылқыны бағындыра білетін ең жақсы атбегілер екенін көрсетті. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кубоктар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Асқар Таудай
Бөлісу: