08.08.2022
12:05
1944
Шығыс Қазақстан облысында 42 гектарға жайылған дала өртімен күрес үш күн бойы жалғасып жатыр

Шығыс Қазақстан облысында 42 гектарға жайылған дала өртімен күрес үш күн бойы жалғасып жатыр

Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында 42 гектарға жайылған дала өртімен күрес үш күн бойы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды El.kz.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 5 тамыз күні Самар ауданында шөп өртенген. Сарыбел ауылдық округіндегі Чикеев учаскесіне жайылған қызыл жалынның жалпы ауданы шамамен 42 гектарға жетті.

«Өртті сөндіруге жергілікті атқарушы органдардың, ТЖД өрт сөндіру бөлімшелерінің, Красногор және Қайынды орманшылықтарының, Сарыбел тірек пунктінің күштері мен құралдары жұмылдырылды. 7 тамызда көмекке Өскеменнен өрт сөндірушілер келді. Тілсіз жаумен күрес әлі де жалғасуда», – делінген ақпаратта.

 Қазіргі уақытта барлығы 120-дан астам адам мен 12 техника тартылған. Бұл жартасты жерге жету қиын. Бұл арнайы техниканың жұмысын қиындатуда. Орман қоры мен елді мекендерге қауіп жоқ.