Швецияда салмағы 672 тонна болатын шіркеу жаңа орынға көшіріледі

Швецияда салмағы 672 тонна болатын шіркеу жаңа орынға көшіріледі

Швецияның ең солтүстігіндегі Кируна қаласында бірегей жоба жүзеге асып жатыр. 1912 жылы салынған шіркеу тұтасымен қаланың басқа шетіне көшірілмек, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Дөңгелекті алып платформаға орнатылған нысан бес шақырым жолды еңсереді. Жоспар бойынша көшу процесі екі күнге созылады, өйткені колонна сағатына небәрі 500 метр жылдамдықпен ғана қозғалады.

113 жылдық шіркеуді көшіру қажеттілігі осы өңірде ғасырдан астам уақыт бойы жүргізіліп келе жатқан темір кенін өндіру салдарынан пайда болған жарықтар мен топырақтың шөгу қаупімен байланысты.

Шіркеудің биіктігі – 35 метр, ені – 40 метр, салмағы – 672 тонна. Ол кезінде 1950 жылға дейін салынған Швециядағы ең әдемі ғимарат деп танылған.

Салынған күннен бері шіркеу Швецияның қиыр солтүстігінің символы әрі басты көрікті орны болып келеді. Кируна қаласы Солтүстік поляр шеңберінен 145 шақырым қашықтықта орналасқан.