2026 жылдың күзінен бастап Швециядағы барлық мектептер мен сыныптан тыс үйірмелерде оқушыларға ұялы телефон қолдануға тыйым салынды. Бұл туралы The Guardian басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Жаңа ереже 7-ден 16 жасқа дейінгі балаларға қатысты болады және сейсенбі күні үкімет жариялаған реформалар пакеті аясында жүзеге асады.
Телефон қолдануға шектеу қоюдан бөлек, өзгерістер оқу бағдарламасына, бағалау жүйесіне және мұғалімдерді даярлау ісіне де енгізілмек.
Бүгін біз ұсынып отырған бастама - мектептерге бөлінген тарихи бюджет және соңғы 30 жылдағы ең ауқымды реформа бағдарламасы, - деді Швецияның жаңа білім және мектеп министрі Симона Мохамссон.
Ұялы телефондарға тыйымды жүзеге асыру үшін 2026 жылы бюджеттен 95 миллион швед кроны (10 миллион доллардан астам), ал 2027 жылы телефон қоңырауларына шектеу қою үшін 100 миллион крон (шамамен 11 миллион доллар) бөлінбек.
Қазіргі таңда Швеция мектептерінің көпшілігінде сабақ басталғанда телефондар жиналады. Алайда оқушылар бұл шектеуді айналып өтуге түрлі амал тапқан: жалған телефон тапсырады немесе «құрылғыны үйде ұмыттым, сыныпқа әкелмедім, не бұзылып қалды» деп сылтау айтады екен.
Айта кетейік, биыл Дания да мектептерде және үйірмелерде телефон қолдануға тыйым салатынын мәлімдеген. Бұл шешім үкіметтік комиссияның ұсынымдарына сәйкес қабылданды. Комиссия 13 жасқа дейінгі балалардың смартфон мен планшет иеленуіне болмайды деп шешім қабылдаған.
Былтыр Норвегия әлеуметтік желілерді пайдалануға ең төменгі жас шегін 15 жас деп белгілеп, технологиялық компанияларды «өз қызметін балалардың миына қарсы бағыттады» деп айыптаған болатын.
Ал Нидерландта 2024 жылдың қаңтарында мектептерде смартфон пайдалануға ұлттық деңгейде тыйым салатын нұсқаулық жарияланып, елдегі мектептердің басым бөлігі оны орындады.
Зерттеулер нәтижесінде бұл елде білім беру ортасында оң өзгерістер байқалған: мектептердің 75 пайызы оқушылардың зейін қоюы жеңілдегенін айтса, 28 пайызы оқу үлгерімінің жақсарғанын мәлімдеген.