ШҚО-дағы бірегей өнім шығаратын кәсіпорын неге жабылды?

24 Сәуір, 13:23 713

– Үш ай өтті, өзгеріс жоқ. Облыстағы жауапты орындарға да жаздық көмек сұрап, тиісті министрлікке де хат жолдадық. Бәрінің айтар жауабы – «Заңды өзгерте алмаймыз». Ал бұл уақытта біздің шағын кәсіпорыннан нәпақасын тауып, отбасын асырап келген 35 адам жұмыссыз қалды, – деп қынжылады кәсіпкер Алмас Таңғытұлы.

Оқырманға түсінікті болу үшін басынан бастап баяндайық.

Осы жылдың басында Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданына қарасты Ушанов ауылындағы табиғи бал сусынын өндіретін «Medovarnya.kz» фирмасының шағын цехы жұмысын тоқтатқан еді. Бұл жөнінде фирманың қожайыны кәсіпкер Алмас Таңғытұлы әлеуметтік желіде бейнежазба жариялап, басындағы жағдайды баян еткен. Ол кәсіпорынның жабылуына еліміздің салық заңнамасындағы талаптардың түсініксіздігі себеп болғанын алға тартқан.

Біз де жабылдық. Қазақстандағы балдан түпкі өнім – бал сусын жасайтын жалғыз отандық өндіруші болғанбыз. Жабылған себебіміз – бір құмыраға 640 теңге салық төлейміз, одан бөлек мына АО «НИТ» компаниясына («Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ) ай сайын 150 мың теңге төлейміз, бұған қоса тағы бір жауапкершілігі шектеулі серіктестікке 50 мың теңге төлейміз. Ал бұлар ақпаратты алып, біздің қабылдау бөлмемізде отырған салық инспекторына жібереді. Сонда ол салық инспекторы бұл ақпаратты өзі келіп ала алмай ма? Одан бөлек біз интернетке ақша төлейміз, олар ақпарат алу үшін... Білмеймін бүгіннен бастап біз жабылдық. Біздің салық жүйесіне, қолдауға рақмет! «Бәйтерек» те, «Даму» да кредит бермеді. Беруге болмайды деді. Жақсы, сау болыңыздар!» деген еді ақпан айының басында әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада Алмас Таңғытұлы.     

Кәсіпкердің айтуынша, брендке айналған Алтай балынан таза табиғи сусын өндіретін еліміздегі бірегей кәсіпорын осыдан бес жыл бұрын құрылған. Содан бері жеке кәсіпкер мемлекет қазынасына 66 млн теңге көлемінде салық төлеген. Жергілікті жерден 35 адамды еңбекпен қамтамасыз етіп, оларға тұрақты жалақысы мен басқа да әлеуметтік төлемдерін төлеп отырған.

Ұлан-ғайыр даладан ұлтарақтай жер бұйырмады

Алмас Таңғытұлы бал сусын шығарумен қатар Алтайдың алуан түрлі құнарлы да шипалы шөптерінен шай өндіруді де қолға ала бастаған. Шайға қолданатын шөптерді тау мен қырдан, сай-саладан теріп, жинап алып отырған. Кейін осы өсімдіктерді қолдан өсіру үшін 20 гектардай жер телімін сұрағанда шөп егуге мақсатты жер берілмейтінін білген. Білген де түңілген. Түңілетін жөні де бар. «Даламыз дархан, жеріміз ұлан-байтақ» деп кеуде керіп, мақтанғанда бөркіміз қазандай болады. Ал алақандай жер сұрап келген адамға телім бермей тентіретіп қоятынымыз бар. Жауапты орындар Алмасқа «жайылым жер ғана бере аламыз» деп жауап беріпті. Шығыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасы хабарлағандай, заңға сәйкес бір адамға бір гектардан артық жер берілмейді. Кәсіпкер сұрап отырған 20 гектар жерді аукционмен ғана алуға болады екен. Оның өзі оңай емес. Әуелі бәссаудаға қойылған жерлер осы мақсатқа жарамды ма, жоқ па толық зерттеліп, зерделенеді. Содан кейін ғана бәссауда өтеді. Бұл бір. Екіншіден, аукцион кезінде әлгі жерді басқа адамның иеленіп кетуі де ғажап емес. Ешқандай кепілдік жоқ. Жер кодексінде инвесторлық жобаға қажетті жерді аукционсыз алуға болатын норма бар екен. Бірақ ондай кезде жобаның құны 500 миллион теңгеден кем болмауы қажет. Қысқасы, адал еңбекпен мал тапқысы келген адамның аяғына тұсау болған осындай кедергілер жойылмай бизнестің адымы ашылмайды дейді Алмас кәсіпкер.

Ал отандық шөп шай болса жергілікті тұтынушылардың тарапынан жоғары сұранысқа ие болған. Тұтынушылар әлі күнге бизнесменнің ұялы телефонына қоңырау шалып, сұрайтын көрінеді.

Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр отандық кәсіпкерлермен кездескенде айтқан сөздері ойға оралады.

Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес деуге болады.  Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев алқалы жиында.

Сонымен қатар Президентіміз мемлекет пен бизнестің арасында сенімді серіктестік орнатуға ерекше маңыз берген.

Мемлекеттік аппарат әрбір бизнесменге заң бұзушы ретінде қарамауы керек. Мұндай ұстаным, түптеп келгенде, басқарудың репрессивті сипатына алып келеді. Мемлекет кәсіпкерлерге көмектесуге міндетті. Мұны ерекше атап өткім келеді: кәсіпкерлерге көмектесу керек. Ал кәсіпкерлер шағымданушы немесе қолдауға мұқтаж рөлінде көрінбей, мемлекеттік аппараттың теңқұқылы серіктесіне айналуға тиіс, – деп нақтылаған Президент.

Өкініштісі, Алмаc сияқты отандық өндірушілер мемлекеттен қолдау көре алмай отыр. Табанынан тозып талай есікті қаққан. Облыстағы жауапты басқармаға жағдайын айтып сан мәрте хат жазған, қолдау сұраған. Өңірдегі «Даму» қорына, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына барып жеңілдетілген несие алуға өтініш білдірген. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Ондай жеңілдетілген несие ауылды жердегі мал өсіретіндерге, дүкен, дәмхана, мейрамхана қызметін ұсынатындарға ғана беріледі деген жауап алған. Сөйтіп ешбір құзырлы мекемеден қолдау таппай, амалы құрыған кәсіпкер қатты қысылғанда 740 ара ұясын сатып, салық төлеуге мәжбүр болыпты.

Біздің елдің салық заңнамасын түсіне алмай-ақ қойдым. Өнімді сатып, пайдасын көрмей тұрып екі рет салық төлеу керек. Сосын тауарды сатқаннан кейін тағы бір мәрте салық салынады. Тағы бір қызықты қараңыз, дәл осы салық заңнамасына сәйкес алкогольді өнім шығаратын шағын цехтар мен алпауыт кәсіпорындар мемлекетке бірдей мөлшерде салық төлеуге міндетті, – дейді кәсіпкер. 

Салық заңнамасындағы мұндай талаптың бар екенін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры Қайрат Мамырбаев та айтты. Оның пікірінше акциздік тауар өндіретін кәсіпорындардың салық төлеу тәртібі күрделі. Яғни, бір шөлмек бал сусын өндірілсе де оған салық төленуі керек. Тауар сатылды ма, жоқ па оған қарап жатқан ешкім жоқ. Өнім өндірген үшін салық төленеді.

Иә, біздің салық заңнамасына сәйкес акциздік тауар өндірілген соң, салық міндетті түрде төлеуі керек. Бұл бірінші мәселе. Екіншіден, акцизделген өнім шығаратын кәсіпорындар салықты бірдей мөлшерде төлейді. Мәселен, тәулігіне бір мың шөлмек өнім өндіретін шағын цех пен осы мың құмыраны жарты-ақ сағатта өндіретін ірі компанияға бірдей салық салынады. Бұған қоса кәсіпкер айтқан цехтағы өндірістің жұмыс барысын онлайн бақылап отыру үшін қойылған қондырғы операторының қызметіне жұмсалатын шығын да шағын бизнеске әжептәуір салмақ түсіреді. Ал алпауыт кәсіпорындарға бұл соншалық үлкен сома емес, – деп түсіндірген Қайрат Мамырбаев салық мәселесіне қатысты ұсыныстар Астанадағы құзырлы орындарға жолданғанын және ол жақтан жауап күтіп отырғанын жеткізді.    

Әрине, заңға өзгерістер енгізу оңай шаруа емес. Оған біраз уақыт керек. Облыстық кәсіпкерлер палатасы басшысының айтуынша, қазір елімізде Президент тапсырмасы бойынша жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Бұл құжат келер жылы қабылданбақ. Мінеки осы заңға енгізу үшін жоғары жаққа тиісті ұсыныстар жолданыпты.

Алмас Таңғытұлы айтқан салық мәселесін облыстың мемлекеттік кірістер департаменті жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Асхат Жібітаев былайша түсіндірді. Маманнның айтуынша, кәсіпкердің бірнеше рет салық төлеуі заңға сәйкес жүргізілетін үдерісі және ол салықтар бір-бірін қайталамайды.

Кәсіпкер өндірген өнім табиғи жолмен алынған алкогольді сусын болып саналады және оған 2021 жылы алкогольді өнім шығаруға лицензия берілген. Бал сусын құрамында 12 пайызға дейін спирт бар. Ал алкогольді өнімге жанама салық салынатынын білесіздер. Оған акциздік салық пене қосымша құн салығы кіреді. Заңнамаға сәйкес акциздік салық дегеніміз ол өнім өндірілсе болды төленетін салық. Тауардың сатылған, сатылмағанына қарамайды. Төлену керек. Қосымша құн салығы сатылған өнімнен 12 пайыз мөлшерінде алынады. Бұл екеуі жанама салық болып есептелгенімен бір-бірін қайталамайды. Ал енді үшінші салық деп корпоративті табыс салығын айтқан болуы керек. Яғни, таза табысқа салынатын салық. Үш рет салық төлеймін дегені осы болуы керек. Кәсіпкерге басы артық салық салынып отырған жоқ, – деген Асхат Жібітаев салық заңнамасына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсынысты Астанадағы Мемлекеттік кірістер комитетіне жеткізетінін айтты.

Бал сусынға шетелдіктер қызығып отыр

Акциздік өнім өндірушінің алдынан көлденеңдеп шыға беретін тағы бір кедергі бар, ол – мемлекеттік қолдау. Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Қайрат Мамырбаев кәсіпкерге не себепті жеңілдетілген несие берілмей отырғанын түсіндірді.

Елімізде акциздік тауарларды, оның ішінде алкоголь, темекі өнімдерін өндіруге мемлекеттен жеңілдетілген несие берілмейді. Ал Алмас Таңғытұлы өндіріп отырған бал сусын акциздік тауарға жатады. Бірақ біз бұл мәселені зерделеп, проблеманың түйінін шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Қолдан келген көмекті аямаймыз, – деді ол.

Биылғы ақпан айының басында әлеуметтік желіде аталған бейнежазба жариялана сала көп ұзамай облыс прокуратурасы кәсіпкердің мәселесіне назар аударып, жауапты орындардың өкілдерін жинаған. Ол жиынға мемлекеттік кірістер департаментінен, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, жер қатынастары басқармаларынан, «Даму» қоры мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалдарынан, «Ертіс» ӘКК-нан мамандар қатысып, мәселені шешу жолдарын қарастырған. Алайда бұл жиыннан да айтарлықтай нәтиже шыққан жоқ. Есесіне Алмаcтың кәсібіне шетелдіктер қызығушылық танытып отырғанға ұқсайды. Айталық, айыр қалпақты қырғыз ағайындарымыз бен көрші Қытай елінен ұсысыныстар түсіп жатыр.

Кәсіпорынның жабылғаны туралы бейнежазбаны әлеуметтік желіге салғаным сол еді Қырғызстаннан екі бизнесмен хабарласып, өздеріне шақырды. Қырғызстан президенті әкімшілігінен де шақырту түсті. Қолдайтындарын айтты. Шынымды айтсам мұндай ұсыныстар болады деп ойлағам да жоқ. Сол сияқты көрші Қытайдан да ұсыныс болды. Жалпы миллиардтан астам халқы бар аспан асты елінің алып нарығына шығу баяғыдан бері ойда жүрген. Енді өз елімде кәсіп жүргізуге ешқандай мүмкіндік болмаса Қытайға барып бизнесімді жүргізіп көрсем бе деп ойланып отырмын. Ол жақта барлық шығынды көтеруге дайын азаматтар табылып жатыр. Әрине, «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болған» дұрыс қой. Егер маған жағдай жасап, қолдау көрсетсе осы жерде табан аудармай еңбек етер едім. Оған мүмкіндік болып тұр ма, – деп өкінішін білдірді Алмас Таңғытұлы.

Қазір «Medovarnya.kz» фирмасының шағын цехы тоқтап тұр. Компания жабылғалы үшінші ай болды. Ешқандай жағымды жаңалық жоқ. Отыздан астам адам еңбек еткен кәсіпорынды күзетіп жалғыз күзетші ғана қалған.

Қуан Сейіт
Бөлісу: