ШҚО-дағы ауыл тұрғындары интернеттің жоқтығына қатысты үндеу жасады

19 Қаңтар, 22:33 860

Әлеуметтік желілерде ШҚО Күршім ауданы Қаратоғай ауылы тұрғындарының елдімекенде мобильді интернеттің жоқтығына қатысты шағымданған бейнеүндеуі тарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ШҚО әкімдігі Цифрландыру басқармасының мәліметінше, 567 адамнан тұратын Қаратоғай ауылында 2G байланысы бар, алайда мобильді интернет жоқ. Мобильді интернетпен қамтамасыз ету мәселесі облыстық бюджет қаражаты есебінен спутниктік трансмиссияны радиорелелік желісіне ауыстыру жолымен шешілетін болады.

Жобаны іске асыру үшін екі антенна-діңгек құрылысын салу жоспарлануда (45м, 35м). Антенна-діңгек құрылыстарын салуға жергілікті бюджеттен 347,6 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді.

Әкімдік антенна-діңгек құрылыстарын орнату жұмыстарын аяқтағаннан кейін «Beeline» ұялы байланыс операторы трансмиссияны ауыстыру жұмыстарын жүргізіп, елдімекенді 4G ұялы байланыс технологиясымен қамтамасыз ететін болады.

Антенна-діңгек құрылыстарын салу бойынша жұмыстарды жүргізу Министрлік пен облыс әкімдігінің басшылығы арасында қол қойылған Жол картасының аясында іске асырылуда.
Сондай-ақ 2023 жылы бірқатар облыс әкімдіктерімен бірлесіп Жол карталарына қол қойылды, аталған тізімге Шығыс Қазақстан облысы да кіреді.

Сонымен қатар Қаратоғай ауылының мектебі Білім Министрлігінің тізіміне енгенін және оның аясында 2024 жылдың 1 тоқсанының соңына дейін мектепте «Starlink» спутниктік Интернет терминалы орнатылатынын атап өткен жөн.

Перизат Саденова
Бөлісу: