ШҚО-да «Студенттер заң үшін» галстуксыз сипаттағы форумы өтті

ШҚО-да «Студенттер заң үшін» галстуксыз сипаттағы форумы өтті

ШҚО-да облыс прокуратурасы мен әкімдік қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын нығайту бойынша жұмыстарды жалғастырып келеді.
Бұл бағытта жасөспірімдер мен жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға айрықша мән берілуде. Себебі ақпараттың аздығы немесе «әрі әдемі, әрі тез ақша» уәдесіне алданып қалу олардың құқыққа қайшы әрекеттерге тартылу қаупін күшейтеді.

Әсіресе алаяқтық, дропперлік, есірткі жеткізу, сондай-ақ буллинг пен лудомания секілді қылмыстар жеке назарда тұр.

Осы мәселелерді талқылау мақсатында кезекті ашық диалог үш университет пен 20 колледждің студенттерімен өткізілді.
Кездесу еркін, «галстуксыз» форматта өтіп, қызу пікірталасқа ұласты.

Форумның негізгі ұрандары:
«Заң мен тәртіп әр адамнан басталады»,
«Құқықтық тәртіп - дамыған қоғамның кепілі»,
«Жастар - Қазақстанның болашақтың заңды мұрагерлері».

Студенттер мен кураторлар прокурорларға, Өскемен қаласы Полиция басқармасының бастығына және қала әкімінің орынбасарына әртүрлі бағыттағы сұрақтарын белсенді түрде қойды.
Көтерілген мәселелердің басым бөлігі интернет-алаяқтықтан қорғану, киберқылмыстар, басқа адамдардың атына ИП ашу қаупі, банк карталарын бөгде тұлғаларға беру сияқты тақырыптарға қатысты болды.

El.kz

Сонымен бірге жеке деректерді қорғау, балаларға тыйым салынған контенттің таралуын болдырмау, сондай-ақ облыс орталығы көшелерінің жарықтандырылуы мен абаттандырылуы сияқты мәселелер де айтылды.
Спикерлердің барлығы қойылған сауалдарға егжей-тегжейлі жауап берді.

Қатысушылар арасында анонимді блиц-сауалнама да жүргізіліп, студенттер қағаз форматында және QR-код арқылы 100-ден астам сұрақ пен ұсыныс жолдады.
Оларды прокуратурада жұмыс істеу үшін қандай дағдылар қажет екені, медициналық қызмет сапасын жақсарту және басқа да бірқатар мәселелер толғандырды. Жекелеген ұсыныстар сол жерде талқыланып, пікірлер айтылды.

El.kz

Кездесу қорытындысы бойынша әрбір оқу орнында студенттік «Заң. Тәртіп. Болашақ» қозғалысын құру туралы шешім қабылданды.
Бұл қозғалыс студенттердің құқықтық сауаттылығын көтеруге және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталмақ.

Кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады.

Айта кетейік, бұған дейін ШҚО-да полиция қызметкері бес баланы құтқарып қалғаны жөнінде жазған едік.