ШҚО-да республикалық маңызы бар жолдарды төсеу жұмыстары әлі аяқталмаған

5 Сәуір 2023, 12:34 1307
ШҚО-дағы жол мәселесі Үкіметте көтерілді: депутаттар өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардың құрылысы әлі күнге дейін аяқталмағанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
 
Мәжіліс депутаттары Нұртай Сабильянов, Ерлан Саиров, Мақсат Толықбаев, Самат Нұртаза, Ұлықбек Тұмашинов Шығыс Қазақстандағы жол мәселесіне Үкіметтің назарын аударды.
 
«Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында халықпен кездесулер өткізгенде жолдарды жөндеу мәселесі жиі көтерілді. Мысалы, «Қалбатау – Майқапшағай» және «Қалбатау – Аягөз - Үшарал» республикалық маңызы бар жолдар учаскелерін жөндеу осы күнге дейін толық аяқталмаған. Бұл жолдар халыққа қиындық тудыруда.
Әсіресе, Үшбиік – Аягөз 92 шақырым аралығындағы жол учаскелерінде жүру қиынға соғуда. Сонымен қатар «Семей-Қайнар» және «Қарағанды-Аягөз-Боғас» республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстары тоқтап қалған.
Сондай-ақ Аягөз ауданының Ақтоғай кентінен республикалық маңызы бар жолға дейінгі 85 шақырым жолдың жағдайы өте нашар, тозған. Осыған байланысты, Сізден
- «Қалбатау-Майқапшағай» және «Қалбатау-Аягөз-Үшарал» республикалық маңызы бар жолдар учаскелерін жөндеу жұмыстарын аяқтауды;
- «Семей-Қайнар» және «Қарағанды-Аягөз-Боғас» республикалық маңызы бар жолдарды толық жөндеуді;
- Ақтоғай кентінен республикалық маңызы бар жолға дейінгі 85 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұраймыз. Сонымен қатар осы жолдарды жөндеуге бөлінетін қаражаттың тиімді пайдалануын қамтамасыз етуді сұраймыз»,- делінген депуттатық сауалда.
 
Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: