Шығыс Қазақстан облысында құрылыс жұмыстары кезінде трактор траншеяға аударылып кетіп, оның жүргізушісі қаза тапты. 1981 жылы туған марқұмның артында төрт баласы қалды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қайғылы жағдай Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылында болған. Оқиға орнына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы және Ұлан ауданының әкімі жедел жетті.
Өңір басшысы су құбыры желілерін салып жатқан «ТМ Тепломир» ЖШС-нің қызметіне қатысты жан-жақты және әділ тергеу жүргізуді тапсырды. Еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.
Мұндай жағдайларға бей-жай қарауға болмайды. Болған оқиғаның нақты себептері анықталуы тиіс. Еңбек қауіпсіздігі – біздің сөзсіз басымдығымыз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі Ұлан ауданының әкіміне қаза тапқан азаматтың отбасына қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетуді тапсырды.
Қазіргі таңда оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыстарын жалғастыруда. Қайғылы жағдайдың мән-жайы нақтылануда.