ШҚО-да мас тұрғын полицияға жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген

7 Тамыз 2023, 16:15 552

ШҚО-да мас тұрғын полицияға жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

1 тамызда “112” жедел арнасына белгісіз ер адам қоңырау шалып, “Энергетик-2” бау-бақша серіктестігі учаскелерінің біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлаған. Дабыл түскеннен кейін бірден оқиға орнына мамандандырылған қызметтер жіберілді. Тексеру нәтижесінде қоңырау жалған болып шыққан. Тәртіп сақшылары қоңырау шалушыны тез арада анықтап, ұстады. Ол облыс орталығының 50 жастағы тұрғыны болып шықты.

Сараптама қорытындысы бойынша ұсталған азамат алкогольдік масаңдықтың “орташа дәрежесінде” болған.

Аталған факті бойынша көрсетілген адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл жеке тұлғаларға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, - деп хабарлады полициядан.

Полиция департаменті мұндай құқық бұзушылықтар үшін ҚР ҚК-нің 273-бабы бойынша қоғамдық резонанс пен ықтимал салдарларды ескере отырып, қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Оның санкциясы 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғады.

Равиль Ашығали
Бөлісу: