ШҚО-да келіні жасырын түрде енесінің атынан 2,5 млн теңге несие рәсімдеген

23 Сәуір, 16:49 1442

Шығыс Қазақстан облысында келіні енесінің атына 2,5 млн теңге несие алып, ақшаны өзіне жұмсады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Зайсан аудандық полиция бөліміне 67 жастағы жергілікті тұрғын алаяқтық туралы арызбен жүгінген. Арызында келіні жасырын түрде 2,5 млн теңгеден астам сомаға несие рәсімдегенін айтқан.

Белгілі болғандай, өткен жылы келіні оның ұялы телефонына банктік қосымша орнатқан. Сол қосымша арқылы зейнеткердің шотына кіруге мүмкіндігі болған. Желтоқсан мен қаңтар айлары аралығында жұмыссыз қалған бойжеткен қосымшаның көмегімен енесінің атына үш несие рәсімдеп, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған, - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жәбірленуші сәуір айында зейнетақысы аз түскен кезде, банкке барады. Сол жерде өзі білмеген несиелері үшін төлемдер алынғанын бір-ақ біледі.

Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті мүлкін тәркілеумен, төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: