ШҚО-да газ құю стансасындағы жарылыстан зардап шеккендердің барлығына көмек көрсетіледі – әкім

23 Маусым 2023, 15:35 933

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев газ құю стансасындағы жарылыстан зардап шеккендердің барлығына көмек көрсетілетіндігін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

22 маусымда Шемонаиха қаласы Украинская көшесіндегі газ баллондарына жанармай құю станциясында жарылыс болып, 2 адамды күйік шалды. Сол күні кешке қарай жарылыстан тағы екі азаматтың зардап шеккені анықталған.

Аймақ басшысы Ермек Көшербаев сол 4 адамға барлық қажетті көмек көрсетілетіндігін айтты.

Олар шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ аудандық ауруханаға облыстың бас дәрігері Гүлмира Загидуллина да барды. Қазір құзырлы органдар өрттің себептерін анықтап жатыр. Төтенше жағдай орнына ШҚО Полиция департаментінің бастығы мен тергеушілер, менің орынбасарым Дархан Сапанов және Шемонаиха ауданының әкімі Григорий Акулов барды, - дейді ол.

Облыс әкімінің айтуынша, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіледі.

Өңірдегі осыған ұқсас объектілерде мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу керек. Сол үшін тексеру жүргізіліп, соның нәтижелері туралы міндетті түрде хабарлаймыз, - дейді Е.Көшербаев.

Еске салсақ, Шемонаиха қаласында газ құю стансасында болған жарылыстан екі адам күйіп қалғаны туралы хабарланған едік.

Равиль Ашығали
Бөлісу: