ШҚО-да бақшасында көкнар өсірген азамат құрықталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Полиция қызметкерлеріне облыс орталығына қарасты ауылдардың бірінің тұрғыны бақшасында есірткілік көкнәр өсіретіні туралы ақпарат түскен.
Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында тәртіп сақшылары 49 жастағы күдікті азаматты анықтап, ұстады.
Оқиға орнын шұғыл тінту кезінде 76 түп есірткі өсімдігі, екі тостаған мен үш шприц, сондай-ақ өсімдік тектес зат табылып, тәркіленді. Тәркіленген өсімдіктерге сараптама тағайындалды. Күдіктінің айтуы бойынша, ол өсімдіктерді өзі тұтынуы үшін өсірген.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 300-бабы 2-бөлігі (Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру бойынша) сотқа дейінгі тергеу басталды.
Күдіктіге қатысты келуге міндеттеу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы тағайындалды.