«Шоттарды және мүлікті бұғаттаймыз деп сес көрсетеді». Алаяқтар жаңа әдіске көшкен

22 Ақпан, 13:26 798

Алаяқтар өздерін жеке немесе мемлекеттік сот орындаушысы ретінде таныстырып, азаматтардан қарызды өтеуді талап етіп, шоттарды және мүлікті бұғаттаймыз деп сес көрсетіп жатыр. Әділет министрлігі халыққа алаяқтардың құрсауына түспеуге кеңес береді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Егер алаяқтардан қоңырау түссе немесе хабарлама келсе, ақпаратты Әділет министрлігінің, республикалық немесе өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының ресми сайттарында өз бетіңізше тексеріп, қажет болған жағдайда банкке қоңырау шалуға кеңес береміз.

Атқарушылық іс жүргізудің бар-жоғы туралы мәліметтерді тексеру үшін интернет желісіне АІЖО ААЖ (Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі) деп жазып, «Борышкерлер мен тыйымдар тізілімі» батырмасын таңдап, тек өз ЖСН-іңізді енгізіңіз. Осыған ұқсас іздеуді «АИС ОИП» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асыруға болады. Егер сіз борышкер болсаңыз, онда сіздің қарызыңыз туралы ақпарат, сот орындаушысының аты-жөні және оның телефоны шығады. Егер сіз борышкер болмасаңыз, онда қызғылт сары түспен «Сұраныс бойынша ештеңе табылмады» деген жазу шығады. Бұл сіздің шоттарыңыз бен мүліктеріңізге ешкім тыйым салмағанын және сала алмайтынын білдіреді, - деді әділет министрлігінің өкілі Талғат Уәли.

Тек ресми дереккөздерге сеніңіз, белгісіз адамдарға жеке деректеріңізді бермеңіз. Қосымша ақпарат алу үшін мына телефондарға хабарласыңыз: 119 немесе 8 7172 58-00-58.

Миражан Махан
Бөлісу: