Шорт-тректен Әлем Кубогының күміс жүлдегері Абзал Әжіғалиев елге оралды

10 Қараша 2022, 15:33 1807

Әуежайда құрама мүшелерін жанкүйерлері мен туыстары ерекше құрмет көрсетіп, қошеметпен қарсы алды

Шорт-тректен Ұлттық құрама мүшелері мінген ұшақ таң алагеуімде Астана халықаралық әуежайына қонды. Әуежайда құрама мүшелерін жанкүйерлері мен туыстары ерекше құрмет көрсетіп, қошеметпен қарсы алды. Ұлттық құрама сапында Әлем Кубогының күміс жүлдегері елордалық Абзал Әжғалиевте бар, деп хабарлайды  El.kz, Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді.

«Қолдауларыңызға көп рахмет! Мені күтіп алуға келген барша жанкүйерге алғыс айтамын. Өз еліме аман-есен жеткеніме қуаныштымын. Сонымен қатар барша қазақстандыққа алғыс айтамын. Алдағы уақытта Алматы қаласында өтетін әлем чемпионатына қызу дайындалатын боламыз», - деді Абзал Әжғалиев. 

Сонымен қатар, елге үлкен жетістікпен оралған спортшыларымызды әуежайдан Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, қалалық спорт басқарма басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов және спорт саласының бірқатар басшылары да гүл шоқтарымен күтіп алды.

Жаңа маусымдағы алғашқы ірі халықаралық жарыс Қазақстан командасы үшін сәтті өтті. Бұл сайыста қазақстандық спортшылар әлемдік деңгейде жоғары орындарға шығуға дайын екендіктерін көрсетті.

Еске алсақ, шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы Канаданың Монреаль қаласында өткен Әлем Кубогының алғашқы кезеңінде эстафетада екінші орын алған болатын. Бұл квартетте мәре сызығын Оңтүстік Корея бірінші болып қиды (7:01.850). Ал біздің Ұлттық құраманың нәтижесі: 7:07.972 мынадай. Қола медаль Канадаға бұйырды. 

Ал, осы құрама АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен Әлем Кубогының 2-кезеңінде Қазақ еліне күміс медальді сыйлаған болатын. Осы тұста Абзал Әжіғалиевтің 500 метр қашықтықта өнер көрсетуін ерекше атауға болады. Жерлесіміз жарыста тек канадалық Максим Лауннан қалып кетті. Үздік үштікті оңтүстік кореялық Ли Жун Со түйіндеген болатын.

EL.KZ
Бөлісу: