Шомылу маусымы басталғалы 87 адам суға батып кетті

23 Шілде, 12:30 692

Жаз мезгілінде адамдар отбасымен бірге жағажайда демалғанды ұнатады. Әрине, демалысты өзен-көлдің қасында өткізген жақсы ғой, бірақ  суға түсу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамау орны толмас қайғы мен өкінішке алып келуі әбден мүмкін. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігі оқырмандарға шомылу маусымындағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.

Қазақстанда 10 жыл ішінде 2 мыңнан астам адам суға кетті

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы 10 жылда 2 мыңнан астам адам суға батып кеткен. Оның 701-і бала.

Бұл жерде назар аударатын басты нәрсе: әрбір азамат жол жүру ережесін қалай сақтаса, судағы жүріп тұру қағидаларын да қатаң сақтауы тиіс. Біз қанша ескерту жасап, дәріс өткізу жұмыстарын жүргізгенімен, алдын алу шараларын ұйымдастырғанымен, жауапкершілік әрбір адамның өзіне жүктеледі. Ең бірінші судан келетін қауіпке араша болушы – ол адамның өзі екенін ұмытпаған жөн – деп атап өтті ТЖМ азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжанов.

Бүгінде елімізде 85 мыңнан астам өзен мен 48 мың көл бар, оларды азаматтар шомылу, демалу және балық аулау үшін пайдаланады. Мамандардың сөзінше, оның ішінде шомылуға тыйым салынған 4598 орын анықталды. Ол жерлерге ескерту және тыйым салу белгілері орнатылды.

Биыл шомылу маусымы басталғалы 87 адам суға батып кетті

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынща, су айдындарында қаза тапқан адамдардың саны күннен-күнге артып барады. Жазатайым оқиғалар демалыс күндері жиі кездесіп жатады. Қауіпсіздік ережелерін елемеу, жабдықталмаған жерлерде шомылу және балаларды назардан тыс қалдыру қайғылы жағдайларға әкеп соқтырады.

Осы жылы шомылу маусымы басталғалы бері 87 адам, оның ішінде 35 бала суға батып кетті. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда адам өлімі 14%-ға азайды, ал балалар өлімі 20%-ға артқан.

Ведомство өкілдері шомылуға тыйым салынған 4598 орынды анықтады. Онда 5894 ескерту және тыйым салу белгілері қойылды. 708 рұқсат етілген жаппай демалыс орны бекітілген. Су айдындарының қорғалмаған бөліктерінде 42 тұрақты және қосымша 150-ге жуық жылжымалы маусымдық құтқару бекеттері орнатылды.

ТЖМ Ішкі істер және Көлік министрліктерімен бірлесіп, 39853 рейд пен патрульдеу жүргізді. Тек әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 721 қазақстандыққа 18 миллионнан астам теңгеге айыппұл салынған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған орындарда болған. Бүгінде қауіпсіздік үшін су айдындарында 399 объектілік құтқару бекеті бар, онда 3800 құтқарушы жұмыс істейді. Олар 160 адамды, оның ішінде 44 баланы құтқарып алды.

Cуға батудың қандай себептері бар?

Шомылу кезінде суға батып кетудің бірнеше негізгі себебі бар. Атап айтқанда, рұқсат етілмеген жерлерде жүзу, ұзақ қашықтыққа жүзу, бұлшықет түйілуі, дененің қатты тоңуы, биіктен секіру, дауылды күнде шомылу, үрлемелі жүзу құралдарының жарылуы, мас болу жағдайы, балаға қарамау қайғылы оқиғаға алып келуі мүмкін.

Судағы қауіпсіздік ережелері

Әр адам өзінің өміріне жауапты. Сондықтанда ол өзі үшін су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауы тиіс:

Балаларды судың жағасына қараусыз қалдырмаңыз және ересектердің қарауынсыз шомылуына жол бермеңіз;

Балаларыңызды жүзуге үйретіңіз;

Бейтаныс және шомылуға жабдықталмаған орындарда, сонымен қатар «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті! Иірім» белгілері орнатылған жерлерде шомылмаңыз;

Мас күйінде суға түспеңіз;

Жүзудің шекарасын белгілейтін қалытқылардан (буйки) асып кетпеңіз;

Шағын көлемді кемелерге, сондай-ақ басқа да жүзу құралдарына жақын жүзіп бармаңыз;

Тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға сүңгімеңіз;

Жүзу құралдарына құтқару күртешесінсіз отырмаңыз.

Жүзуге арналмаған заттармен жүзбеңіз;

Қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жартастардан, парапеттерден, қоршаулардан және басқа да заттардан, сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстардан суға секірмеңіз;

Дауыл немесе толқын болған жағдайда шомылуға болмайды;

Күнге қыздырынғаннан кейін немесе ұзақ жүгірістен соң суға секіруге болмайды, себебі естен айырылып қалу немесе жүректің тоқтап қалуы мүмкін. Алдымен сумен шайынып алу керек;

Суда ұстап тұру ойынымен ойнауға болмайды, өйткені тұншығып немесе есіңізді жоғалтып алуыңыз ықтимал.

Аяқ сіңірі тартылып қалса не істеу керек?

Терең дем алу, баспен тігінен суға түсу, аяқты түзу ұстау, қолмен бас башпайды ұстап, өзіне қарай тарту;

Егер құрысқақ (сіңір тарту) жазылса, шама келгенше тезірек жағаға қарай жүзу;

Құрысқақты (сіңір тарту) жою мүмкін болмаса, шалқадан жатып, қолмен қимылдап жағаға қарай жүзу;

Қол тартылып қалса, аяқпен жұмыс істеу керек.

Суға бату кезіндегі алғашқы көмек

Алдымен зардап шеккен адамды судан шығарып алу керек. Ол үшін батып бара жатқан адамның беті судың бетіне шығып тұру үшін  шалқасымен жатқызған жөн. Мұндай жағдайларда, дүрбелеңге түспей, ауаны көп жұтуға тырысып, тереңге сүңгу қажет. Содан кейін зардап шегушіні көп ұзамай жағаға тасымалдаған абзал. Зардап шегушіні жағаға шығарып дереу тамыр соғысы мен батудың түрін анықтап алған дұрыс. Ылғалды тұншығу кезінде бірінші қадам ретінде зардап шегушінің тыныс алу жолдарындағы сұйықтық шығарылады. Адамды тізеге жатқызып арқасынан соғып, тамыр соғысы болмаған жағдайда тезірек жасанды тыныс беру мен қатар жүрекке тікелей емес массаж жасау қажет. Құрғақ немесе синкопальді бату кезінде өкпедегі және тыныс жолдарындағы суды жою талап етпейді. Мұндай жағдайда, дереу жоғарыда аталған реанимациялық шараны өткізу керек. Ренимациялық шарадан кейін жүрек тоқтауы немесе өкпе ісінуі түріндегі асқынулар қайталануы мүмкін, сондықтанда  мүмкіндігінше жақынарадағы дәрігерге тез көрсету қажет. Тіпті сіз батып бара жатқан адамды судан тез шығарып алсаңыз да ол есін жоғалтпаған болса, міндетті түрде жедел жәрдем шақыру керек. Себебі бұл мүмкін болатын асқынулардың алдын алуға көмектеседі.

Суға батудың алдын алу:

Суға түсетін кезде ешқашан спирттік ішімдіктерді немесе тамақ ішуге болмайды;

Балаларды суға жақын жерге немесе жағажайға қараусыз қалдырмаңыз, оларды мүмкіндігінше жүзуге ертерек үйрету қажет;

Мүгедектер мен балаларды, қарттарды қараусыз қалдыруға болмайды;

Құтқару станцияларының аймағында ғана суға түсу қажет;

Жүзу білмейтіндер мен жақсы жүзе алмайтындар резеңке сақиналарды немесе құтқарушы курткаларды пайдалануы тиіс.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: